ТЖ

Жас ұстаз суға батып бара жатқан адамды құтқарып қалды

 

 

Бұл оқиға маусымның 26-сы Есіл ауданының Явленка ауылында кешкі сағат 8 кезінде орын алды. Бұл кезде 25 жасар Ксения Шестоперова да Есіл өзенінде шомылып жатқан. Кенеттен “Батып барамын, көмектесіңдер” деген дауысты естіпті. Сөйтіп, Ксения еш ойланбастан, су түбіне кетіп бара жатқан ер адамды ажал аузынан құтқарып қалады.

 

Ксения Шестоперова:

– Ер адамның дауысы қатты шыққан жоқ. Өйткені, жағажайда жүргендер оны естімеді. Бастапқыда ол қалжыңдап жатқан болар деп ойладым. Бірақ, артыма бұрылып қарасам, расында да суға батып барады екен. Сөйтіп, тез арада жүзіп барып, азаматты судан алып шықтым.

 

Бұл ерлігі үшін Ксенияға Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев СҚО ТЖ департаменті бастығының атынан құрмет грамотасын   және  “Төтенше жағдайдағы ерлігі” үшін медалін тапсырды.

 

Ксения Шестоперова:

Мен бұндай жағдайға бірінші рет тап болып отырмын. Ер адамды құтқарып қалғаным үшін осындай құрметке бөленемін деп ойламадым. Негізі кәсіби түрде жүзумен айналыспаймын. Тек су түбіне сүңгігенді бала кезімнен жақсы көремін.

 

Нәзікжандының ерлік танытуы соңғы екі жылда болмаған. Ал жыл басынан суда құтқарушылар 111 адамды ажал аузынан алып қалған. Оның 35 бала. Дегенмен 32-сі су түбіне кеткен.

 

Бану Ахметова