Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкіметте ауылдарды дамыту мәселесі қаралды

 

Қазақстанда қазіргі таңда 7 мыңға жуық ауылдық елді мекен бар. Оларда 7 миллионнан артық адам тұрады. Жиында бірінші болып баяндама оқыған Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, елді мекендерде, әсіресе, спорт, мәдениет нысандары жетіспейді. Елімізде ауылды дамытуға арналған жеке “Жол картасы” құрылған. Оған қоса, жаңа “Агробизнес – 2020” мемлекеттік бағдарламасының да берері мол деді вице-министр. Өйткені, жоба бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді 1,5 есеге өсіріп, 10 трлн. теңгеден астам жеке қаражат тарту жоспарланып отыр. “Ақ Бұлақ” бағдарламасы аясында сумен қамтитын 168 нысанды салу және қайта қалпына келтіру жұмыстарына 34,4 млрд. теңге бөлу қарастырылған.

Осы орайда, жуырда сайланған ауылдық әкімдерге артылған жүк салмақты. Олардың өкілеттігі кеңейтіліп, қарамағындағы штат саны да ұлғайтылды. Елді басқаруға мүмкіншіліктер барынша берілді, енді, олардың жұмысына талап та ерекше болмақ. Бұдан кейін аталған мәселе жөнінде экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы министрлері баяндап болғаннан кейін өңір әкімдерінің есебі тыңдалды.

Солтүстік Қазақстан облысында халықтың 60 пайызы ауылда тұрады. Барлығы 689 ауылдық елді мекен бар екен. Самат Ескендіров өңірде инфрақұрылымды дамытуға ағымдағы жылы 5 млрд. теңге бөлінгенін жеткізді. Оның 1,6 миллиарды – жергілікті бюджеттің есебінен.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Сондай-ақ, 2013 жылы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды қайта қалпына келтіруге, орташа және ағымдағы жөндеуге 12,3 млрд. теңге, соның ішінде жергілікті бюджеттен 2,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. 58 тірек ауылдың 8-нде Индустрияландыру картасының 9 жобасы іске асырылып, 277 жұмыс орны құрылды. “Бизнестің жол картасы” бойынша 4 тірек елді мекенде 12 өтінім қабылданып, 97 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.

 

Үкімет басшысы Серік Ахметов өзге өңірлердің тыныс-тіршілігін білген соң жиынды қорытындылады. Премьер-министр экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне “Аймақтарды дамыту” бағдарламасына өзгеріс енгізіп, ауылдық аумақтарды дамыту деген жеке бөлім қосуды тапсырды. Селекторлық байланыс тоқтатылған соң, жиын жергілікті деңгейде жалғасты. Самат Ескендіров әңгімені республикалық селекторлық кеңеске дайындықтан бастады. Мәліметтер берерде Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы немқұрайлық танытқан. Осы тұста аталған басқарма басшысының міндетін атқарушы Зиядден Молдағанапов пен ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Туралинов екеуі біраз сын естіді. Самат Ескендіров анықтаманың ішінде әлеуметтік, мәдениет және спорт салалары қамтылмаған деді.

Жиын соңында облыс әкімі жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Дереу ауыл шаруашылығы басқармасында ауылдық аумақтарды дамыту жөнінде бөлім құру керек. Бос сөзді қойып іске кірісіңіздер. Кейін аталған мәселе жайын орақ науқанын аяқтаған соң жіті қарастырамыз. Атқарылған жұмыс жайында аудан әкімдері есеп береді.

 

Данаш Хамзина