Мәдениет

“Мағжан” журналының тұсаукесері

 

 

“Мағжан” әдеби-көркем қоғамдық-саяси журналының алғашқы саны 2007  жылдың қаңтарында жарық көрген болатын.   Журналдың бас редакторы Жарасбай Сүлейменов облыс әкімі Самат Ескендіровтың қабылдауында болып, қаржылай көмек көрсетуін өтініпті. Енді басылым қайта жаңғырып, зиялы қауым мен студенттердің қолына тиді.

 

Жарасбай Сүлейменов, “Мағжан” журналының бас редакторы:

– Өскелең ұрпақты тәрбиелеу, жаңа Қазақстанның жаңа азаматын қалыптастыру. Осы мәселені шешеміз дегенде алдымызда ұрпаққа үлгі болатын, бекзат ғұмырымен алға жетелейтін кімдер бар дегенде, біздің оймызға ең алдымен Мағжан оралды. Осы тұрғыдан алғанда облыс басшысы Самат Ескендіровтың бастан асып жатқан басқа да жұмыстарына қарамастан, руханиятқа көңіл бөліп, жанашырлық танытуы, осындай шараларға тікелей басшылық жасауы әрине баршамызды қуантады.

 

Журнал танымдық мақалаларға бай. Зиялы қауым басылымның өміршең болатынына сенімді.

 

Жанар Таласбаева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы:

Оған атсалысқан белгілі ғалымдарымыз бен қаламы қарымды журналистеріміз. Ішінде Мағжанның өмірінен тың деректермен қоса, еліміздің даңқын арттырып жүрген дара тұлғаларымыз жайында да мақалалар берілген.

 

Айдана Сайлау, М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжінің студенті:

-Әрине бұл колледж студенттері үшін өте қуаныш. М.Жұмабаев қазақ халқының ең ұлы ақындарының бірі, сонымен қатар қазақ әдебиетінің негізін салушы және де Алаш қозғалысының қайраткері. Жалпы Қазақстан Республикасында Мағжан атамыздың атын ұмытпау үшін түрлі шаралар өткізілуде. Оның есімі мәңгі өшпейді. Ол үшін М. Жұмабаевтың есімі көше мен бірқатар оқу орындарына беріліп жатыр.

 

Мағжан Жұмабаев поэзия биігінде өшпейтін із қалдырған ақын. Дара тұлғаның биыл 120 жылдық мерейтойы ел көлемінде аталып өтті. Осыған орай “Мағжан” туралы көркем-деректі фильм түсірілді.

 

Мүталлап Қанғожин, ақын:

Біздің өңірде қазақша шығатын журнал осы ғана. Осы арқылы осы өңірдегі жастар мен жасамыстардың туындыларымен танысатын боламыз. Сосын Мағжан жайында көбіне зерттеліп жатқан, зерттелген шығармалар, мәселелер осы журналда шығып тұрады.

 

“Мағжан” журналы қазақ тілінде шығады, таралымы 1000 дана.

 

Берік Қасен