Құқық қорғау органдары

“Абайлаңыз – балалар!” шарасы

 

Тәртіп сақшылары бұл күндері оқу орындарының жанында кезекшілік етті. Олар жолды қысқарту үшін белгіленбеген жерден кесіп өту, жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеуі секілді ереже бұзушылықтар азаймай отыр дейді.

 

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:

-Жыл басынан бері өңірде балалардың қатысуымен 41 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның ішінде 3 бала мерт болып, 45-сі жарақаттанды. Көлік жүргізушілеріне айтарымыз, күндізгі уақытта көліктің шамдарын елді мекен ішінде және сыртында да қосып қойыңыздар. Сонымен қатар оқу орындарының жанында абай болыңыздар.

 

Рейд басталған 2 күннің ішінде жол полициясы инпекторлары мен ювеналдық полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілерге қатысты 14 әкімшілік хаттама толтырды. Олар негізінен жол жүру ережелерін бұзуға қатысты.

Сегіз айдың ішінде полицейлер жаяу жүргіншіге жол бермеген жүргізушілерге 685 әкімшілік хаттама жазды. Ал жол жүру ережесін бұзған жаяу жүргіншілерге 7 мыңнан аса хаттама толтырылды. Қыркүйектің 5-сінде “Абайлаңыз, балалар!” атты республикалық жедел алдын алу шарасының екінші кезеңі аяқталады.

 

Айнұр Қапезова