Денсаулық сақтау

Болашақ аналар форумы

 

 

Гүлбарам Нұраханова жақында ана атанады. Бүгінгі форумға ол жұбайымен келген. Біз сияқты жандар үшін осындай шараның маңызы зор, себебі мұнда жүктілік, бала күтімі жайлы көп ақпарат алуға болады дейді болашақ ана.

 

Гүлбарам Нұраханова:

Осындай форумдардың біз үшін маңызы зор. Көп ақпарат алдық.

 

Өңірімізде болашақ аналар форумы алғаш рет өткізіліп отыр. Мұнда келген әр ана маман кеңесін алып, ұйымдастырылған көрмені тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

 

Мариям Бапанова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл форумның негізгі мақсаты болашақ аналарға кеңес беру. Жүктілік кезінде өзін қалай ұстау керек? Бала туғаннан кейін оны қалай емізіп, өсіру керек осы жайттардың барлығы айтылады.

 

Соңғы кездері аналар дене бітімін бүлдіріп аламыз деген оймен, баланы емшекпен емізуден гөрі көбіне арнайы қоспаларды береді. Ал ана сүті өмірге жаңа келген сәби үшін бірден-бір таптырмайтын қорек. Тек соның арқасында балаларды түрлі аурулардан сақтап, қорғауға болады. Форум барысында осы мәселе де кеңінен талқыланды.

 

Наталья Семенова, облыстық перинаталдық орталық бас дәрігерінің орынбасары:

– Емізу әйелдің денсаулығына да оң әсер береді, маститтің, сүт бездері мен аналық без ісіктерінің болу мүмкіндігін азайтады. Ана сүтінің құрамында: белок, май, түрлі витаминдер, темір, көмірсутектер, кальций жалпы алғанда өмірге керекті микроэлементтер көп. Бұларды дүкендерде сатылатын ешбір қоспалардан таба алайсыз.

 

Ұйымдастырушылар осындай форумдардың арқасында бақытты отбасылар көбейеді деген сенімде.

 

Мағжан Ахмадина