Энергетика

Антимонополиялық ведомство басшысының облысқа жұмыс сапары

 

 

Ең алдымен қонақтар Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығының жұмысымен танысты. №8 қазандық 2014 жылы сәуір айында пайдалануға беріледі. Нысан іске қосылса, бу өнімділігін сағатына 270 тоннаға дейін арттырмақ. Оның құрылысына 4 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бүгінгі таңда жоспардың 70 пайыздан астамы тындырылыпты. Монтаждау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұдан өзге жиналғандар жөндеу жүргізіліп жатқан турбина цехын да көрді. Мұнда №4 турбоагрегатты заманауи жылуүнемдегіш турбинаға алмастыру жүргізілуде. Энергетиктердің пайымдауынша, егер жоба 2015 жылға дейін нәтижелі жүзеге асырылса, онда ескірген жабдықтардың 40 пайызы энерготиімді әрі заманауи құрылғыларға алмастырылмақ.

 

Денис Медведев, 2 ЖЭО станциясының басшысы:

-Электр энергиясын өндіру көлемі 230 мегаватты құрайды. Оның 50 мегаватын қала тұтынады. Ал 70 мегаватын облыс және теміржолдар пайдаланады. 80 мегаватты Қазақстан энергожүйелері алады. Ал қалған 30-ы өзіміздің қажетімізге жұмсалады.

 

Келесі кезекте ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспановқа Абай көшесі бойындағы №2  жылу магистралінде жүргізіліп жатқан шаралар көрсетілді. Жұмыс ағымдағы жылдың 13-ші мамырында басталған. Оған 500 млн теңгеге жуық қаржы құйылған екен. Бүгінгі таңда шаруаның 60 пайыздан астамы еңсерілген. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы өңірдегі жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

 

Мұрат Оспанов,ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы:

-Бүгін Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Петропавл қаласындағы жұмысымен таныстық. Инвестициялық бағдарламаның орындалуын қарадық. Тарифтік саясаттың жүргізілуін түсіндіруді жоспарлап отырмыз.

 

Бұдан кейін Мұрат Оспанов «Қызылжар су» ЖШС жұмысымен танысып, “Нұр Отан” пратиясының жергілікті филиалында дөңгелек үстел отырысына қатысты. Жиынға арқау болған тақырып “Ашықтық – тариф саясатының басым бағыты” деп аталды. Кездесуде жергілікті атқарушы билік пен монополия өкілдерінің баяндамалары тыңдалып, тарифті құрудағы мөлдірлікті қамтамасыз етудің жолдары қарастырылды. Кейін, Агенттік төрағасы Мұрат Оспанов қоғамдық қабылдау өткізді. Бұл туралы толығырақ бейсенбі күнгі жаңалықтардан көре аласыздар.

 

Мағжан Ахмадина