Без категории

“Киелі мұрамызға тағзым” жобасы

 

 

Экскурсия жетекшісі № 2, 10, 14 мектеп оқушыларына Абылай хан өмірінің негізгі кезеңдеріне тоқталуда. Үш жүздің басын қосқан хан Абылай билік құрған тұста елдің іргесі бекіді, халықтың әдеби-мәдени өмірі жандана түсті. Ол қанша дегенмен атақты қолбасшы, көреген саясаткер, елші болғанымен өз дәуіріндегі ақындар мен жыраулардың, шешен-билердің ақыл-кеңесіне жүгінген. Жоңғар басқыншыларына қарсы күресте халықты бірлікке шақырған. Осының бәрін бүгінгі мектеп оқушылары тарихшылар мен ұстаздардың айтуы бойынша жақсы біледі. Анастасия Қазақстан тарихын сүйіп оқиды. Және өз білгенін қасындағы достарына айтып жүреді. Ол бүгін “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешеніне бірінші рет келіпті. “Ұлтының болашағын білмей, болашақты болжау қиын” – деген жазушымыз Ғ.Мүсіреповтың аталы сөзін көкейіне түйіп алыпты.

 

Анастасия Степанец, № 2 орта мектептің оқушысы:

-Мен осыған дейін Абылай ханның ерліктері жайлы тарих сабағында, мектептен тыс сынып сағаттарында естідім. Бірақ, мұражайдағы әсерім мүлде бөлек. Мұнда маған көбінесе оның қару-жарақтары, әскери жасақпен жоңғарға қарсы күресі, одан да басқа батыл іс-әрекеттері бейнеленген суреттер ұнады.

 

Өткен тарихты білу, құрмет тұту бүгінгі ұрпақтың міндеті. Өйткені болашақта мемлекеттің тұтқасын ұстайтын жастар осылар болмақ. Мұражайда Абылай ханнан басқа қазақ хандары мен сұлтандарының таралу шежіресі бар.  Артурға әсіресе сонау 18-ші ғасырдағы қазақ пен жоңғардың шайқастары жайлы бейне кескіндемелер ұнапты. Бұл ата-баба бойынан кейінгі толқынға қалған жауынгерлік рухтың берілуі болса керек.

 

Артур Ысқақов, № 2 орта мектептің оқушысы:

-Мені сол кездегі хандардың ел үшін, жер үшін ұшы-қиырсыз қазақ жерін қалай қорғап қалғандары таң қалдырады. Сондай ақ, маған Абылай ханның отырған тағы мен қолданған қару-жарағы ұнады.

 

“Нұр Отан” ХДП қалалық филиалының өкілдері “Киелі мұрамызға тағзым” атты арнайы партиялық жобаның ел көлемінде қолға алынып жатқанын айтады. Олар бүгін бірінші кезеңін “Абылай хан – тарихи тұлға” деп атаған. Акцияға Петропавл қаласының оқушыларынан бөлек “Жас Отан” жастар қанаты, колледждер мен ЖОО-ның студентері қатыспақ.

 

Шарбан Таймуллина, “Білім” бастауыш партия ұйымының төрайымы:

– Мектеп қабырғасындағы іс-шаралар мен, оқу-тәрбие жұмысында біз осы оқушыларымыз Қазақстанымызды сүйсе, насихаттаса екен, келешекте егемен елін үлкен жетістіктерге жеткізетін, Қазақстанның көк байрағын барлық жерде көтеретін жастарымыз деп осы жас ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелеп келеміз.

 

Республикалық “Ұлттық тарихты насихаттау” акциясы әлі де орта және арнаулы оқу орындарында оқитын жастарға 1-қаңтарға дейін өткізілетін болады.

 

 

Берік Қасен