ТЖ

Биыл облыста 453 өрт оқиғасы тіркелді

 

Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылында бес қабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтерден от шыққан. Досына келген 11 жасар бала темір құтыдағы сұйықтықты жақпаққа әрекет етіп, ойыннан от шықты. Жалын қабырғаны, есік, терезені жалмаған. Үй ішіндегі жиһаз да толық істен шықты. Тілсіз жауды ауыздықтауға өрт сөндірушілермен қатар “Қызылту ұн үгу комбинаты” ЖШС жұмысшылары да қол ұшын берді. Ал, Тайынша ауданына қарасты Донецкое елді мекенінің тұрғыны ішімдікке тойып алып, шыға беріс бөлмеде шылым шеккен. Оның кесірінен 375 шаршы метр аумақ өртеніп кетті. Тілсіз жаудан сондай-ақ Есіл, Уәлиханов және Ғ Мүсірепов аудандарының да тұрғындары зардап шекті. Ал соңғысында сымның тұйықталуынан «КАМАЗ» автокөлігі өртеніпті. Көлік жүргізушісі құтқарушылар келгенше тілсіз жауды өзі ауыздықтаған. Сондай-ақ Петропавлда да бірнеше өрт оқиғасы орын алды. Жуков көшесіндегі  тоғызыншы үйдің оныншықабатында басталған отты құтқарушылар жарты сағатта ауыздықтады. Мұнда үй жылытқыш құрылғыны пәтер иесі қараусыз қалдырған.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң ұстануды ескертеді. Егер ондай келеңсіз жағдай орын алған болса, уақыт оздырмай “101”, “112” телефондарына хабарласып, құтқарушыларды шақыруды сұрайды.

 

Данаш Хамзина