Жазғы биатлоннан ел чемпионаты Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен. Тартысты додаға Қазақстанның барлық қалаларынан 200-ге тарта спортшы жиналыпты. Ал өңір намысын қорғау үшін жарысқа облыстан 12 биатлоншы аттанған. Ең жақсы нәтижеге Инеш Жамукова қол жеткізді. Сөйтіп, спорт шеберіне үміткер күміс алқаны иемденген. Бұрымдының бұл спортқа бет бұрғанына үш жыл болыпты.
Инеш Жамукова, биатлоннан спорт шеберіне үміткер:
– Мен есемді Ақмола облысының спортшысына жіберіп алдым. Сөйтіп, екінші орынды алдым. Алдағы уақытта спорт шебері атанғым келеді. Қазір оған дайындалып жатырмын.
Ел чемпионатына аттанған тағы 4 спортшы үздік үштікті қорытындылады. Олардың бәрі бүгінгі күні биатлоннан жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеді. Өйткені, бірнеше қашықтықты бағындырған спортшылар нысанаға дәлдеп тигізуге тырысып баққан. Бұл орайда Марина Востриковаға тең келері жоқ. Ол биатлоннан облыстағы жалғыз спорт шебері атанған. Нәзікжандының бұл спортқа бет бұрғанына 13 жыл болыпты.
Марина Вострикова, биатлоннан спорт шебері:
– Жалпы жарыс жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарым осал болған жоқ. Мен де жеңіске жету үшін барымды салдым. Өйткені спорттың бұл түрі маған қатты ұнайды.
Ақмола облысында ұйымдастырылған жазғы биатлоннан ел чемпионатының бұл алғашқы кезеңі болатын. Екіншісі 23-27 қыркүйекте Алматыда өтпек.
Игорь Ильин, жаттықтырушы:
– Тартысты додада спортшыларым жалпы жақсы нәтижеге қол жеткізді. Тек олардың дайындық жасауына бізде қару жеткіліксіз. Бары 8 дана. Дегенмен қолдағы барымен жаттығамыз.
Жалпы спорттың бұл түрі өңірімізде қарыштап дамып келеді. Биатлонмен шұғылдануға ниетті спортшылардың да қатары қалыңдауда. Бүгінгі күні олардың саны 60 адамға жетіп отыр.
Бану Ахметова