Қоғам

СҚМУ-да өткен конференция Қазақстан Конституциясына арналды

 

 

Ата Заң – барлық заңдардың бастауы. Ол мемлекеттің өркендеуіне бағыт-бағдар береді. Қазақстанның Конституциясы – елдің құқықтық тірегі. Басты құжатқа биыл 18 жыл толды. 1995 жылы тамыздың 30-ында қабылданғаннан кейін өзгертіліп, толықтырылды. Ата Заңның басты қазынасы – халық. Ендеше, оның өз азаматтарына берері мол. Біздің Конституциямыз күш-қуаты жағынан өзге дамыған елдердікімен теңесе алады дейді тарих ғылымдарының кандидаты Зәуре Қартова. Егер білім жағынан алып қарастырсақ, Ата Заң аясында тегін орта білім алып, кейін оқуды жалғастыруға әркімнің құқығы бар. Бұл игілікті ел жастары пайдаланып жатыр.

 

Зәуре Қартова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті:

-Тегін білім алу және өзінің білімін жетілдіру, магистратура, докторантурада оқу, соның барлығының кепілі – өзіміздің Ата Заң. Осыған сәйкес СҚМУ-да көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Оның ішінде бакалавриаттан кейін магистратурада оқу, сапалы білім алу, т.б. мәселелердің жолдары қарастырылған.

 

Жас азамат Данияр Әбутәліпов “Нұр Отанның” қатарында. Ол Конституция жастарға кең жол ашты дейді. Өзіңді жетілдіріп, елдің игілігі үшін еңбек етуге бар жағдай қарастырылған.

 

Данияр Әбутәліпов,”Нұр Отан” ХДП “Болашақ” филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

-Конституция бойынша білім жүйесі өзгере бастады. Және жұмысқа орналасу мүмкіндігі өсті. Сондай-ақ, әрбір лайықты жас азамат саяси жүйеде де орын таба алады. Депутат ретінде немесе партияның белсендісі ретінде.

 

Конституцияны қабылдау – ел тарихындағы бір маңызды қадам болды. Құжатты қоғам өзара келісе отырып құптады. Оны талқылау барысында халық тарапынан 30 мыңға тарта ұсыныс түскен екен. Оның ешқайсысы ескерусіз қалған жоқ. Қазақ елінің Ата Заңы 18 жылдың ішінде мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосты.

 

 

Данаш Хамзина