Спорт

Солтүстікқазақстандықтар жағажай футболынан жеңіске жетті

Жағажай футболына арналған халықаралық жарыс Қырғызстанның Ыстық көл жағалауында өткен. Бұл ойында солтүстікқазақстандықтар 5 құрамамен кездесу өткізіп, жиналған 13 ұпайымен бәрінен оқ бойы озып шықты.

Тепсе темір үзетін жігіттердің арасында Илнур Юнусов турнир бойы қарсыластар қақпасына 2 гол соққан.

 

Илнур Юнусов, команда капитаны, ҚР спорт шебері:

-Жағажай футболынан мықты екенімізді дәлелдедік. Құрамаларды бірінен соң бірін жеңе бердік. Біздің жеңіске деген құштарлығымыз одан сайын арта түсті. Бір сәт те босаңсымай турнирге жақсы дайындалдық. Ақырында Қырғызтанның намысын қорғаған негізгі командасын жеңіп, тұғырлы орынға бірақ шықтық.

 

Илнур Юнусовтың футбол ойынына ден қойғанына 16 жыл толыпты. Оның тумысынан есту қабілеті нашар. Өзі Солтүстік Қазақстан кәсіптік педагогикалық колледжінде оқиды, әрі ағаш шебері болып жұмыс істейді. Қолы жұмыстан босағанда «Қарасай» стадионына барып, “Қызылжар СК” құрамасындағы спортшылармен тәжірибе алмасып тұрады.

 

Владимир Фолевейдер, “Үміт” мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының бас жаттықтырушысы:

-Бізге Қырғызстанда болатын жағажай футболынан халықаралық додаға қатысуға ұсыныс хат келген. Бірден қатысуға ниет танытып, жаз бойы күшейтілген жаттығу жұмыстарын өткіздік. Өйткен, бұған дейін футболдың басқа түрін игерсек те, жағажай футболын бірінші рет ойнауымыз. Әйтеуір, халықаралық додада соңғы болмаспыз деп үміттендік.

 

Қырғызстанда олар ойынның регламенті бойынша ең алдымен Қазақстаннан барған Астана, Алматы, Қарағанды қалаларының құрамаларымен кездескен. Ал соңғы 2 ойынды алаң иелерімен өткізіпті.

 

Владимир Фолевейдер, “Үміт” мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының бас жаттықтырушысы:

-Біз Қарағанды құрамасымен кездесіп, соңғы минутта жолымыз болып, оларды жеңдік. Одан кейін Астананы 3/0 есебімен еңсердік. 3-ші алматылықтармен болған кездесуді де 4/1 есебімен сәтті өткіздік.

 

Енді олар қараша айында Семей қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына барады.

 

 

Берік Қасен