Білім

Солтүстік Қазақстанда 7 мың бүлдіршін мектеп партасына отырды

 

Бірінші қыркүйек – ерекше күн. Бұл мереке, әсіресе, мектеп табалдырығын жаңа аттағандар үшін маңызды. Биыл ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың 11 тәрбиеленушісі алғаш рет партаға отырмақ. Жалпы бұл оқу ошағында 185 адам білім алатын болады. Шәкірттерді білім күнімен облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Мен сіздерді құттықтау үшін келдім. Бүгінгі күні білім беру саласында 120 мыңнан астам оқушылар, студенттер бар. Әсіресе 7 мыңнан астам бірінші сынып оқушыларын ерекше  құттықтағым келеді. Бұл олар үшін бірінші Білім күні. Мемлекет басшысының еліміздің одан әрі дамуының қозғаушы күші жастар деп атап көрсетуі кездейсоқ емес. Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын, табыстар тілеймін. Табыс негізі  – сіздердің білімдеріңіз.

 

Оқу ордасына біреулер тарыдай болып кіріп жатса, енді біреулері орта білім алып, таудай болып шыққалы жатыр. Жаңа өмірге қадам басқалы тұрған 11-сынып оқушылары алдағы жауапты сынға дайындалуда.

 

Владимир Мальнев, ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат оқушысы:

-Бүгін 1-қыркүйек мерекесі. Бұл соңғы оқу жылымыз, сондықтан бар күш-жігерімізді жинап, ҰБТ сүрінбей өтуге бағыттауымыз қажет. Инженер-механик мамандығын игергім келеді. Ол үшін физика пәнінен сынақ тапсыру шарт.

 

Мектеп-интернат директоры Ризабек Кәкпенов түлектер оқу ошағының атын шығарып жүргенін атап өтті. Өткен жылы бұл мекеме 16 түлекке қанат қақтырды.

 

Ризабек Какпенов, ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат директоры:

-Түлектеріміз білімдерін одан әрі жалғастырып жатқандығы қуантады. 4-уі ЖОО түсті. Оның ішінде 2-уі СҚМУ, біреуі Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес академиясында білім алып жатыр. 12 оқушымыз колледждерде оқып жатыр. 9-сыныпты 35 шәкірт тәмамдады. Олардың 24-і колледждерге түсті. Ал қалғаны 10-сыныпта оқуын жалғастырып жатыр.

 

Мектеп ардагерлері де жаңа оқу жылында оқушыларға сәттілік тіледі.

 

Валентина Кондратова, еңбек ардагері:

-Менің еңбек жолым 1963 жылдың 1-қыркүйегінен басталды. Яғни осыдан 50 жыл бұрын. Ардагерлер атынан оқушыларға жақсы білім алуларын тілеймін.

 

Шәкірттер болса, Қазақстанның нағыз азаматы болу үшін жақсы оқимыз деп серт етті. Міне, көптен күткен бірінші қоңыраудың сыңғырлаған дауысын еститін сәт те келіп жетті.

Кейін өңір жетекшісі мектеп-интернаттың жаңғыртылған кабинеттерін аралады. Самат Ескендіров балалардың жайлы ортада тәрбиеленіп жатқанын тілге тиек етті. Жалпы облысымызда мұндай 12 мекеме бар. Онда 625 оқушы білім алады екен.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Барлық жағдай жасалған, бюджеттен 1 млрд. теңгеге жуық бөлінген. Сонымен қатар балалардың отбасында тәрбиеленуіне жағдай жасауды көздейтін шаралар жоспары бар. Соңғы жылдары қамқоршылық нәтижесінде жетімдер қатары 100 адамға азайды.

 

Облыс әкімі Самат Ескендіров ата-ана қамқорынсыз қалған 1000 бала жанұяларда тәрбиеленуде дейді. Осыған көп көңіл бөлген маңызды.

Салтанатты жиыннан кейін өңір жетекшісі мектеп-интернатқа «Газель» көлігінің кілтін табыс етті. Жалпы биыл облыста 20 мың оқушы үшін алғашқы қоңырау соғылды.

 

 

Айдана Демесінова