Ауа райы

Муниципалдық телеарнаның құрылғанына – 15 жыл

 

 

Осыдан 15 жыл бұрын алғашқы ақпараттар көгілдір экранда жүргізушісіз шығып жүрді. Бүгінде жаңалықтарды дикторсыз елестету мүмкін емес. Жыл өткен сайын муниципалдық телеарна қарыштап дамуда. Бұл бағытта арнадағы білікті де жауапты, қаламы ұшқыр журналистердің қосқан үлесі орасан. Муниципалдық телеарнаның ұжымы облыс әкімі Самат Ескендіровтың атынан құрмет грамотасымен марапатталды. Муниципалдық телеарна 15 жылдың ішінде 9 мыңға тарта ақпарат таратса, 100 мыңға жуық сюжет әзірледі. Және 10-даған телевизиялық бағдарлама мен 100-деген жарнама дайындады. 15 жыл бойы арнаны Евгений Сазанов басқарып келеді.

 

Евгений Сазанов, “МТРК” ЖШС директоры:

-Уақыт зымырап тез өте шықты. Жуырда ғана арнаның 10 жылдығын тойлаған сияқты едік. Міне биыл 15 жыл толып отыр. Арнаның артта қалдырған әр жылдары оңайлықпен болған жоқ. Сондықтан бәрімізге тілерім сабырлық, кәсібилілік, сәттілік және денсаулық. Жағымды жаңалықтар мен бағдарламалар көп болсын.

 

Телеарна талай жастардың қаламының ұшталуына сеп болды. Бүгінде кей әріптестеріміз еліміздің әр қалалары мен басқа да мемлекеттерде жұмыс істеп жүр. Дей тұрғанмен олар муниципалдық теларнада бастаған еңбек жолдарын ұмытпай, ыстық лебіздерін жолдады.

2010 жылдан бастап муниципалдық телеарна тәулік бойы ақпарат таратып келеді. Бүгінде бұл арнаны тек қала ғана емес, аудан тұрғындары да сүйіп көреді. Сондықтан олар да муниципалдық телеарананың 15 жылдығымен құттықтады.

Журналистер және операторлар, монтажерлар мен редакторлар, есепші және жүргізушілер – бүгінде муниципалдық телеарнаның үлкен телевизиялық кемесінде 80-нен астам адам еңбек етеді. Көгілдір экранда сапалы және заман талабына сай ақпарат беру – бұл ұжымның басты міндеті. Сондықтан 15 жылды артқа тастаған арна әлі де болса, облыста болып жатқан ақпараттардан өңір тұрғындарын хабардар етуден жалықпайды.

 

 

Бану Ахметова