Білім

Бескөл орта мектеп-гимназиясы биыл жүзінші оқу жылын бастады

 

 

Бескөл орта мектеп-гимназиясының оқушылары білім күні мерекесіне ата-аналарын кейбіреулері ата-әжелерін ертіп келіпті. Бәрінің жүзі жадыраңқы. Әсет Танабасов мектеп табылдырығын алғаш аттап отыр. Жеткіншекке білім әлемі таңсық болғанымен, жазу мен сызудан хабары бар екен.

 

Әсет Танабасов, Бескөл орта мектеп-гимназиясының оқушысы:

-Мен биыл 1-сыныпқа барамын. Мен мектепте жақсы оқу үшін үйде әріптер мен сандарды жазып үйрендім. Әкеммен бірге кітап оқуға үйрендім.

 

Биыл Бескөл орта мектеп-гимназиясы 100-ші рет мерейтойлық білім күнін өткізді. Бір ғасыр бұрын іргетасы қаланған білім ордасының мұғалімдері бұл күні жеткен жетістіктерін айтып мақтануда. Олар қазір облыста 2-ші, ауданда алғашқылардың бірі болып Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары қолданып жатқан шетелдік оқыту үрдісін енгізуде. Оған қоса, шілде айында осы мекемеде жемісті жұмыс істейтін 2 мұғалім Ұлыбританияға барып біліктіліктерін шыңдап келген.

 

Лариса Овчинникова, Бескөл орта мектеп-гимназиясы директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары:

-Осылайша біз мұғалімдердің біліктіліктерін үздіксіз жетілдірудің арқасында, оқытудың әдістемесін өзгертеміз. Ендігі әдістемелік жұмыстарды тек ұстаздың ұйымдастырушылық қабілеті мен оның құзыретілігін арттыруға ғана бағыттайтын боламыз.

 

Бірінші қыркүйек білім күнімен жиылғандарды аудан әкімі де құттықтады.

 

Еркебұлан Қаменов, Қызылжар ауданының әкімі:

-Аудандағы білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Мектептерге 27 млн. теңгеге 2 лингафонды-мультимедиялық, 4 биология кабинеті сатып алынды. Сондай-ақ, аудан бюджетінен 2 млн теңгеге компьютер алуға бөлінді. Осы оқу жылында тағы 4 мектепте жаңа модификациялы химия кабинеттері пайда болады. Және білімнің қайнар көзі есептелетін оқулықтардың 70 пайызын жаңасына ауыстырдық.

 

Биылғы оқу жылында Бескөл мектеп-гимназиясында 562 оқушы білім алатын болса, оның 54-і 1-сынып оқушылары болмақ. 32 түлек енді бір жылдан кейін алтын ұя мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге қадам баспақ.

Александра Смирнова 2013-2014 оқу жылын сәтті аяқтасам дейді. Өзі Алтын белгіден үмітті.

 

Александра Смирнова, Бескөл орта мектеп-гимназиясының оқушысы:

-Мен 9 ай бойы ҰБТ-ге барлық ерік-жігерімді аямай, жақсы дайындаламын. 11 жылда алған білімді дәлелдеп Омбы қаласында Федор Иванович Достоевский атындағы университетке түспек ойым бар.

 

Қызылжар ауданында қазіргі таңда 48 мектеп жұмыс істеп тұр. Білім ошақтарында биыл 5000 оқушы білім алатын болады. Оның ішінде 500-ден астам бүлдіршін 1-сыныпқа барады.

 

 

Берік Қасен