Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елімізде Конституция күні атап өтілді (арнайы репортаж)

 

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

-1995 жылдың дәл осы күнінде республикалық референдумда Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Осыған орай ҚР президенттік басқару нысанындағы мемлекет ретінде жарияланды. Бүгінге дейін сол Ата заң – өркендеуімізге жол ашып, зайырлы және құқықтық ел екендігімізді айқындайтын бірден бір нормативтік құжат саналады.

18 жыл бойы еркіндіктің негізіне айналған Конституция Қазақстан халқына басты нәрсе – таңдау құқығын берді. Айбары асқан қуатты ұлт, дәулеті тасқан шуақты ұлыс құрудың бағыт-бағдарын айқындады. Бірінші бапта көрсетілгендей тұғырлы елдің ең құнды қазынасы – адам өмірі мен бостандығына кепіл болар қазықтың қадасын қақты. Ортақ құжат әр азаматтың экономикалық-әлеуметтік ахуалын қорғауға тікелей қатысты. Осыны жақсы түсінетін петропавлдықтар мен шаһар қонақтары Конституция күнін ұлықтауға бір адамдай жиналды. Салтанатты шара әуелеген мемлекеттік әнұранмен ашылды.

Жиналған қауымды қазақ елі тарихындағы аса маңызды күнмен облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Конституция тек мемлекеттік егемендікті, билік пен қоғам құрылымының демократиялық принциптерін бекітіп қана қоймай, сонымен қатар еліміздің дамуын айқындады. Әлеуметтік-экономикалық қайта құруды табысты өткізу үшін бағдарға айналды. Басты заңды қабылдау бойынша жалпыхалықтық референдум еліміздің базалық принциптері мен құндылықтарын бекітіп, Қазақстан халқы бірлігінің бірегей тарихи актісіне айналды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елімізде тұрып жатқан барлық азаматтардың теңдігі, еліміздің табысты дамуы мен көркеюінің іргетасы деп атап өткен болатын. Мереке құтты болсын.

 

Кейін өлкенің дамуына сүбелі үлесін қосып, қоғамдық өмірмен біте қайнасып жүрген жерлестеріміз түрлі марапатқа ие болды. Бұған лайықты бірқатар азаматқа облыс әкімінің құрмет грамотасы мен алғыс хаты табысталды.

Астықты өлкенің негізгі кәсібін дөңгелетіп жүрген Ғали Құсайынов ерекше құрметке бөленгендердің қатарында. Жер емген ауыл еңбеккерінің шаруашылығы Конституциямен түйедей құрдас. Агроқұрылымның ырыс дәнін түгендеуге ден қойғанына тура 18 жыл болыпты.

Бірқатар белсенді жас өңір жетекшісінің қолынан ҚР азаматтығын растайтын жеке куәлік алды.

 

Мақсат Манап:

– Барша ел үшін ерекше маңызды күні төлқұжат алғаныма қуаныштымын. Конституция біздің сапалы білім алуымызға кепілдік береді. Осы құқығымды пайдаланып биыл заңгер мамандығының оқуына түстім. Болашақта оқып түйген кәсібім арқылы заңның сақталуын қадағалайтын боламын.

 

Салтанатты шара өңіріміздің үздік өнер ұжымдары әзірлеген әуезді де әуенді концерттік бағдарламаға ұласты.

Кейін аймақ басшысы Ата Заңның құрметіне аталған Қазақстан Конституциясы көшесі бойындағы думанға ортақтасты. Онда Самат Ескендіров қанат жайған түрлі көрмелерді тамашалап, қолөнер шеберлерімен әңгімелесті. “Салт-дәстүр” этно-мәдени байқауына қатысушыларды мерекемен құттықтады. Өңір жетекшісі өз сөзінде бірлігі жарасқан жерлестеріміздің бейбіт тірлігіне сызат түсірмеу Ата Заңның еншісінде екендігін ерекше атап өтті.

Отандастарымыздың қол жеткен жетістіктері түгелдей басты құжатымызбен тығыз байланысты екені күмәнсіз. Көптеген жаңа заңдар қабылданып, халық игілігіне қызмет етуде. Ондағы ережелердің қайнар көзі – Конституциядан бастау алады. Заман ағымына сай түрленген Ата Заңымыз қоғамды одан әрі ізгілендіруге кең жол ашты. Бұған кім де болсын куә болып жүр.

Конституциядағы қағидаларды терең түсініп, сақтау – әр азаматтың парызы. Өз халқының құқығы мен жеке бас бостандығын жоғары қойған мемлекеттің келешегі қашанда баянды болмақ.

 

Бану Ахметова, тілші:

-Бұл күні “Салт-Дәстүрі” фестивалі өтті. Онда облысымыздағы этномәдени бірлестіктер өз өнерлерін көрсетті және қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

 

Ең алдымен мұнда жиналған халық кең жайылған қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Жәрмеңкеге әр аудан мен қаланың шеберлері қатысты. Көздің жауын алатын бұл бұйымдарды жасау үшін шеберлердің көп тер төккендігі көрініп-ақ тұр. Тұрмысқа қажетті заттардан бастап әшекей бұйымдарға дейін бәрі бар. Қолөнер жәрмеңкесіне Уәлиханов ауданы да қатысты. Олар жарымжан болса да он саусағынан бал тамған шебер Асқар Мұстафиннің ағаштан жасаған бұйымдары мен Досжановтар отбасының зергерлік әшекейлерін алып келген. Алаша, текемет, киіз үйдің жабдықтары, тоқыма жайнамаздарды да көруге болады.

Ал, мына заттарды Ақжар ауданының оқушылары жасаған екен. Бұйымдар ағаштан өрнектеліп, жүннен, теріден тігілген. Ою-өрнек салынған кестелер де бар.

Тұрғындардың назары көбінесе сүйектен жасалынған композициялық бұйымдарға ауды. Бұлардың авторы – Тимирязев ауданының азаматы Марат Андағұлов. Ол қолөнермен бала кезінен айналысады. Шебер жәрмеңкеге 50-ге тарта бұйымын әкелген.

Конституция күнінде ұйымдастырылған жәрмеңкені тамашалаған халық өздеріне ұнаған бұйымдарды сатып алып жатты.

Көше бойы той-думан. Сәл әрі қарай жүріп едік, этномәдени бірлестік өкілдерін кездестірдік. Олар да өз өнерлерін ортаға салды. Сахнада тек қазақ халқының ғана емес, күллі Қазақстан жұртының салт-дәстүрі көрсетілді. Аққайыңдықтар мерекеде көпшіліктің назарына құда түсу рәсімін ұсынды.

Жалпы, Аққайың ауданындағы қазақ ұлттық мәдени орталығы мұндай фестивальге жыл сайын қатысып тұрады екен. Ұйымның құрылғанына 7 жылдан асқан.

Ал, Тимирязев ауданынан келген әзірбайжан ұлтының өкілдері үйлену тойын көрсетті. Олардың салт-дәстүрі өзгешерек. Ыдыс сындырып, малды келіннің алдында құрбандыққа шалады екен. Бұл – шаңырақтың биік, отбасының берік болуы үшін жасалатын ырым.

Конституция күнін мерекелеуге келген халықтың қарасы қалың болды. Әрқайсысы өз құттықтауларын жолдауға асық. Өңірдің спорт саласын дамытуға үлес қосқан азаматтар да жүрекжарды тілегін арнады.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін фестиваль халықтың көңілінен шықты.

Жалпы, бүгінгі шараға облыстық 22 және аудандық 103 этномәдени бірлестік қатысты. Үздік өнер көрсеткендер 3 аталым бойынша анықталды. Сөйтіп, бас жүлде аққайыңдықтарға бұйырды. “Салт-дәстүр” аталымы бойынша бірінші орынды Тимирязев ауданы жеңіп алды. Ал, қолөнер бұйымдары жәрмеңкесінде бірінші орынды Уәлиханов ауданы иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілсе, өзге қатысушылар алғыс хатпен марапатталды.

 

 

Берік Қасен, тілші:

-Демократиялық, құқықтық, әлеуметтік мемлекеттің негізі Конституцияның қабылданғанына биыл  18 жыл. Ата Заңды бірауыздан қабылдай отырып, Қазақстан халқы өзінің егемендік құқығын іске асырды. Айтулы мерекені қалың қазақ елінің кең көлемде атап өтуі оның зор мән-маңызын аңғартса керек. Бүгін өңіріміздің кәсіпорындары мен мекеме қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарына өз өнімдері мен қолданбалы өнер туындыларын ұсынып жатыр.

 

Бүгін облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінің жетекшілерімен бірігіп “Ата Заңның қайнар көзі” атты көрме өткізді. Онда қазақ хандығы құрылғаннан бергі кезеңде дана билердің көмегімен дүниеге келген жарлықтардан үзінділер келтірілген. Олар биліктерін заңдарға сүйеніп жүргізді. Мәселен, Қасым ханның “Қасқа жолы”, Есім ханның “Ескі жолы”, әз Тәукенің “Жеті жарғысы”.

Гүлнар Жұмабекова, “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінің қызметкері:

-Кейбір билер өздерінің заңдарын құрып, халыққа сол кезде үстемдік еткісі келіпті. Сол кезде даңқты қолбасшы Абылай хан олардың билік құруына тыйым салған екен. Билермен тек қана ақылдасып, кеңес алып, бірігіп, осындай елімізге, жерімізге бейбітшілік орнатуды аңсаған. Қазір біз тау тұлғалардың арқасында тәуелсіздікке жеттік деп өзімізді мақтан етуімізге болады.

 

Мейрамды тойлауға орталық алаңға жиналған солтүстікқазақстандықтар бүгінгі күнгі жетістіктеріміздің баршасы негізгі заң аясында жүзеге асып отырғанын бірауыздан мақұлдауда. Мәселен, өңірде ара өсіру ісі мықтап қолға алынған. Облысқа тәтті балымен танымал омарташы Олег Гаврилов “Күз байлығы” деп аталған жәрмеңкеде өз өнімдерін ұсынды. Гүлден өрнектеліп жасалған түрлі бұйымдар көрмеге көрік берді. Жәрмеңкеде қазақтың қымызына да кең орын табылды.

Ата Заң берген кең мүмкіндіктердің арқасында қазақстандықтар біраз жетістіктерге жетті. Еліміздің экорномикасы мен халықтың әл-ауқатын көтерілді дейді «Асыл мұра» орталығының жетекшісі Таңат Сүгірбаев.

 

Таңат Сүгірбаев, “Асыл мұра” орталығының жетекшісі:

-Уақыт өте шын мәнінде бүгінгі өмір талабына сәйкес болмағандықтан, 95 жылы осы Конституцияны қабылдаған болатынбыз. Міне, үлкен жігіттік жасқа келді, былайша айтқанда. Заңының негізгі бөлімі де мемлекетіміздің басты қазынасы адамға арналған. Сол себепті, тәуелсіз елдің әрбір азаматы өз құқығын білуі керек. Соны пайдалана білуі керек. Міне, осыған көп көңіл бөлінеді. Енді осы бүкіл БҰҰ ұйымының өзі біздің Ата заңымызды басқа елдердің Конституциясымен салыстырғанда, шын мәнінде барлық талаптарға сай келетінін заң деп отыр.

 

Ал, қос ақын Абай мен Пушкин ескерткішінің маңында “Бір Отан, бір халық, бір Заң” атты жастар акциясы өтті. Бұл шараны “СҚО жастар ұйымдарының одағы” өзге белсенді жастармен бірлесе өткізуде. Өскелең ұрпақ Ата Заңды таратып қана қоймай, тұрғындардың сауаттылығын да сынап қалуды ұйғарған. Конституцияға қатысты сұрақтарға жұртшылық сенімді жауап беріп жатты. Сынан сүрінбегендерге Ата Заң жазылған кітапшалар мен брелоктар, төс белгілер табыс етілді. Және мұнымен қоса отбасыаралық сайыстар да өткізілді.

 

Бүгін мәдениет және демалыс саябағының барлық тұсында мереке тамаша өтті.