Қоғам

“Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз”

 

 

“Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз” республикалық конкурсы өңірімізде жаз маусымында басталды. Ондағы басты мақсат: мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық икемділіктерін дамытып, өзін-өзі жетілдіру жолында демеу болу. Осындай ел болып атқарып жатқан шараның өтіп жатқанын ести салысымен Ақжан Кәрім қатты қуанған. Оның сірә, көптен бері зарыға күткен арманын жүзеге асыратын сәті келген шығар. Енді, ол осы конкурс арқылы өз ойын ашық білдіріп, халқына қалаулы, еліне елеулі адамдардың қатарына қосылғысы келеді.

 

Ақжан Кәрім, “АРДОС-жүрек” мүгедектер бірлестігінің төрағасы:

-Біз ұйымымызды мүмкіндігі шектеулі жандар бірлестігі деп тектен-текке атаған жоқпыз. Осы арқылы біз барлық мүгедектерді бір шаңырақтың астына жинап, оларға қамқор болғымыз келеді. Осылай, ортамызда туындап жатқан мәселенің түйінін бірге тарқататын боламыз. Болашақта алған бағытымыз құпталса, ұйымнан қоғамдық коалиция құру жоспарда бар.

 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған конкурс ел көлемінде бірінші рет өткізілуде. Конкурсқа техникалық маман, массаж жасаушы, құрылысшылар, емхана қызметкерлері қатысты. Олардың арасында №2 Бескөл орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Руслан Растенов те бар.

 

Руслан Растенов, №2 Бескөл орта мектебінің тарих пәні мұғалімі:

-Мен осы конкурсқа бірнеше кезеңнен тұратын шағын ғана бағдарламамды ұсынбақшымын. 1-ші кезеңінде мен өзімді таныстыру мақсатында презентация көрсетемін. 2-шісінде білім, спорт, өнер саласында жеткен жетістіктерімді өмірбаян ретінде бейнероликтің көмегімен баяндаймын.

 

Бүгін байқауда 29 үміткер негізгі екі аталым бойынша сайысты. Біріншісі, “Ең үздік әлеуметтік жоба”, екіншісі -“Өз ісінің маманы” деп аталады.

 

Светлана Копнина, СҚО жұмысты қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары: “Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз” конкурсын біз тікелей ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен өткізудеміз. Сайыс барысында ерекшеленгендері диплом мен ақшалай сыйақымен марапатталады. 1-ші орын 2 адамға беріледі.

 

Жеңімпаздар белгілі. “Ең үздік әлеуметтік жоба” аталымында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы Владислав Демьянов жеңді. Ал № 2 Бескөл орта мектебінің мұғалімі Руслан Растенов өз ісінің маманы атанды.

Олар енді облысымыздың намысын қазан айында Астана қаласында өтетін финалдық турда қорғайтын болады.

 

 

Берік Қасен