Қоғам

Прокурорлар балалар құқығының қорғалуын қадағалауда

 

Облысымызда 2 мыңға тарта жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның 168-і тұл жетімдер санатында болса, өзгелерінің әке-шешелері асырау құқығынан айрылған. Биыл ғана кішкентайларының алдында міндетін атқармайтындарға қатысты 70-ке тарта іс қаралыпты. Оның 62 пайызы қанағаттандырылды. Көбіне шешесінің қолында тұрып ананың аялы алақанын көрмейтіндер мемлекеттің қамқорлығына алынған.

 

Жанар Ахмағамбетова,СҚО прокурорының аға көмекшісі:

– Қаралған істердің бір бөлігі соңына дейін жетпей жатады. Негізінен қамқоршы органдардың жұмысына аса жауапкершілік танытпауының кесірінен. Ата-ана құқығынан айыруға жиналған құжаттар толық болмайды. Нақты дәйектер келтірілмейді. Материал сәйкес болмаған соң балалар жәбір көретін отбасында қалып қояды.

 

Көп әулеттердің шырқы ішімдікке салынғанның кесірінен бұзылады. Мәселен, Қызылжар ауданының тұрғыны баласын тәрбиелеуден гөрі құлқынына арақ құюды жақын көрген екен. Ерте ме кеш пе, әйтеуір, маскүнем ана зиянды әдетінен арылып, туғанын қажеттімен қамтуға барын жасауға ден қойған. Бұны қамқоршы органдар ескермеген. Бұл да арнаулы қызметшілердің кәсіби шеберлігінің шикі екендігін танытады.

 

Ғалия Ілиясова, Петропавл қалалық білім бөлімінің бас маманы:

– Кәсіби маман жетіспейді. Қамқоршы қызметке педагогикалық білімің болса ала береді. Бірақ көбі балаларды оқытып, тәрбиелеуге машықтанғанымен заң жағынан тым алыс. Сот процестеріне қажетті жайттарды біле бермейді. Сондықтан, баланың статусын анықтау қиынға соғады.

 

Дөңгелек үстел аясына жиналғандар бұл олқылықтардың орнын толтырудың маңыздылығына тоқталды. Бүгінде 200-ге тарта жеткіншек туған отбасында көрмеген махаббатқа қамқорлыққа алған жанұяда бөленуде.

 

Жеңіс Ермұқанов