Аптадағы маңызды жаңалықтар

Полицейлер Конституция күніне арналған салтанатты жиын өткізді

 

 

Тәуелсіздігіміздің негізі ҚР Конституциясына 18 жыл толады. Осы уақытта түрленген Ата Заңымызбен бірге ел полициясы да талай реформаларды бастан өткерді. Қай уақытта болмасын тәртіп сақшыларының мақсаты – басты нормативтік құжат қағидаларының бұзылуына жол бермеу. Бұл бағытта белсенді жұмыс жасаған өңіріміздің құқық қорғаушылары мереке қарсаңында сап түзеді.

Мерекені ұлықтау шарасында аса жауапты қызметке жаңадан тағайындалғандары салтанатты түрде ант қабылдады.

Бұл жолы Отан алдында адал болып, таңдаған мамандығын абыройлы атқарамыз деп 15 жас тәртіп сақшысы сөз берді. Жүктелген істеріне ресми түрде кіріскендердің бірі – Төлеген Әділов. Енді ол патрульдік полиция батальонында қоғамдық тыныштықты күзететін болады.

Антына берік, сертіне адал полицейлердің бірқатары шені бойынша бір саты жоғарылады. Қатардағы 17 тәртіп сақшысы алғашқы арнайы офицерлік атаққа ие болды. Міндетін абыройлы атқарып, еңбегі еленгендердің қатарында – Балнұр Қалиахметова. Ол кәмелет жасына толмағандар ісі бойынша инспектор. Нәзік жанды ел игілігіне жарар ұрпақ тәрбиелеуде өз үлесін қосып жүргеніне қуанышты.

Мерекелік салтанатта қоғамдық тәртіп күзетінде аса сақтығымен танылғандары түрлі марапатқа ие болды. Еңбегі бағаланғандардың бірқатарына ІІ министрлігінің құрмет грамотасы мен алғыс хаты табысталды. Жергілікті департаменттің шығармашылық тобы әріптестерін ән-жырмен құттықтады.

 

 

Жеңіс Ермұқанов