Құқық қорғау органдары

Заңсыз арақ-шарап саудалағандар жауапқа тартылды

 

 

Облыс орталығындағы “Эльдорадо” дәмханасына 2008 жылы алкогольдік өнім саудалауға лицензия беріліпті. Араға екі жыл салып, арақ-шарап өткізуге рұқсат етілген құжат негізсіз деп танылған. Аталған ойын-сауық кешені биыл сол мәселеге қайта тірелді. Иесі дәмхананы түнгі клубқа жабдықтап атын өзгерткен. “Паутина” атауына алмастырылғанымен қызмет аясы түк өзгермей бұрынғы күйінде қалыпты. Спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салынғанымен, заң екі жылдан артық уақыт бойы еленбей келген.

Бексұлтан Жұмабаев
, Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі:
– Бұл заңбұзушылық үшін Петропавл қалалық прокуратурасы кәсіпкерге қатысты өндірістік іс қозғады. Сот оны ҚР әкімшілік кодексінің 375 бабының бірінші тармағына сәйкес кінәлі деп тапты. Айыпты әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Заңның ала жібін аттаған бизнесмен 40 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүрленді. Түнгі клубтан 60 мың теңгенің алкогольдік өнімі тәркіленді. Мына жазғы дәмханада да арақ-шараптың заңсыз саудаланғаны анықталды. Бұл жөнінде прокурорларға маңайдағы тұрғындар шағымданыпты. Тексеріс заңға қайшы әрекеттердің бұнымен тоқталмағанын көрсетті.

Бексұлтан Жұмабаев, Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі:
-Дәмхана орналасқан жер телімі де мақсатына сай пайдаланбаған. Сондай-ақ, санитарлық нормалар мүлдем ескерілмеген. Тексерістің қорытындысы бойынша акті толтырылды. Дәмхананың жұмысы тоқтатылды.

Құзырлы орган мамандарының араласуымен енді қаладағы мейрамхананың жұмысы уақытша тоқтатылған. Есікті құлыптап, мөрмен бекітуге санитарлық талаптардың сақталмағандығы себеп болған. Бір күннің ішінде мұнда тамақтанған 9 адам уланып қалған. Бұған жол берген 4 жұмысшы қызметтерінен босатылды.

Жеңіс Ермұқанов