Білім

СҚМУ көпсалалы колледжі жабылды

 

Биылғы жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де 6 мыңнан астам студент сапалы білім алмақ. Соның 888-і жоғары оқу орнына осы жылы түсіп отыр.

Оңдасын Әшімов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:
289 грант бөлінді. Қалғандары ақша төлеп оқитын балалар. 44 мамандық бойынша.

Біздің өңір астықты аймақ болғандықтан биыл агроном кәсібін меңгеремін деушілердің қатары артқан. Сол себепті, сұранысқа ие мамандыққа грант көбірек қарастырылыпты. Сонымен қатар, университеттегі жаратылыстану және жағрафия факультетінде жаңа 3 мамандық ашылды. 60 адам магистратура бойынша білім алмақ. Оларға 25 грант бөлінген.
Сондай-ақ, брифингте ЖОО ректоры университет жанындағы көпсалалы колледждің қыркүйектің 1-нен бастап жабылатынын мәлімдеді. Өйткені, бұдан бұлай СҚМУ шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын болып саналатындықтан, заң жүзінде оған тиесілі колледж болмауы керек.

Оңдасын Әшімов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:
131 студент басқа колледжге ауысатын болады. Бұл жерде енді бірекі проблема болды. Ол мәселелерді шештік. Бірінші ол тәрбие ісін жүргізу мамандығы басқа колледждерде болған жоқ. Енді бұл мамандық ашылды. М.Жұмабаев атындағы гумманитарлық колледжде. Екіншісі дизайн мамандығы.

Бұл студенттер жаңа оқу жылынан бастап қаладағы басқа колледждерде білім алады. Оқу бағдарламасы сол қалпында. Университеттің жатаханасында да тұра бермек. Сонымен қатар, жұмыссыз қалған 15 ұстазды да еңбекпен қамту мәселесі қарастырылу үстінде. Олар колледждер және мектептерге жіберілуі тиіс. Негізі көпсалалы колледж 2006 жылы ашылған болатын. Осы аралықта 500-ден астам студентті қанат қақтырды. Ал, жалпы республикада жоғары оқу орындары жанындағы осындай 50 колледж жабылмақ.

 

Бану Ахметова