Құқық қорғау органдары

Жүріп бара жатқан автобустан қыз бала құлап түсті

 

 

Татьяна Панина Лада есімді қызымен аялдамада 5-ші бағыттағы автобусты күтіп тұрған. Қоғамдық көлік келісімен баспалдаққа тұрып көтерілмек болады. Бірақ, ішіне кіруге оқталғаны сол еді, автобус кенеттен жүріп кетеді.

 

Татьяна Панина:

–Мен автобустың соңынан 5 метрдей жүгірдім. Сасқанымнан әйнегін қаққаннан басқа амал таппадым. Соңына ілесе алмай баспалдақта тұрған қызымды жібере салуға мәжбүр болдым. Жүргізуші біраз жүріп тоқтаған кезде қызым етбетінен жерге құлады.

 

Нәтижесінде 10 жасар қыз түрлі дене жарақаттарын алған. Жанын қоярға жер таппаған ана естен танған кішкентайына көмек жасау үшін жүргізушіден мүсәтір спиртін сұрайды. Алайда, дәрі-дәрмек қобдишасынан жара таңғыштан басқа еш нәрсе табылмаған.

 

Татьяна Панина:

–Тек үш бинт пен лейкопластырь ғана бар. Алғашқы медициналық көмек жасаудың мүмкіндігі болмады. Мен арыз жаздым. Жүргізуші бала автобустан емес,жол жиегіне өзі құлап қалды дейді. Бұл оқиғаға қатыстылығынан ат тонын ала қашып, кінәсін мойындамай отыр. Керісінше, байқап қалып, келіп алғашқы медициналық көмек көрсеттім дейді. Жағдай мүлдем олай болған жоқ. Мен шындықтың түбіне жетуге бел будым.

 

Бұл жағдай туралы өз ойын жолаушы тасымалдайтын көлік иесі де айтып қалды. Көзбен көрмеген келеңсіздікті ол өзінше тұжырымдауға тырысты.

 

Евгений Завьялов, “Завьялов” ЖК жетекшісі:

–Жүргізуші бірден телефон арқылы байланысып, салоннан бала құлағанын хабарлады. Мен жұмысшыммен әңгімелесіп, оған сөгіс жарияладым. Кездейсоқ болған жағдай. Жүргізуші қозғалғанда қатынаған көліктермен соқтығыспас үшін алдымен сол жаққа қарауы тиіс. Сол уақытта іштегі жағдайды бақылап үлгермейді.

 

Бүгінде аталмыш жол апатына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:

–Жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, орнынан қозғалған жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Қыздың жапа шегуіне қатысты бар материал жинастырылып, соттың қарауына жіберіледі. Сонда ғана нақты шешім шығарылады.

 

Сондай-ақ дәрі-дәрмек қобдишасы қажетінше жабдықталмағаны үшін жеке кәсіпкер жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Ол үшін заңда әкімшілік айыппұл тағу жазасы қарастырылған. Жапашегуші облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер науқастың оң қолы екі жерден сынғанын айтады. Және белі жарақаттанған.

 

Татьяна Панина:

-Бүгінде сынық орнына салынды. Дәрігерлер қажетті ем қолдану үшін әлі бір аптадай қаралу керектігін айтады. Сүйегі орнына дұрыс келмесе, қайта хирургтің көмегі қажет болуы мүмкін. Абырой болып, сынық дұрыс бітсе жарақаттан оңалу үшін ем қолданады.

 

Қалай дегенмен Лада жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанын емдеу мекемесінде өткізетіні анық дейді Татьяна. Рөлде отырған адамның сақтық танытпағандығы дәлелденсе, жүргізуші куәлігінен 1 жылға дейін айырылатын болады.

 

 

Жеңіс Ермұқанов