Билік

“Энергия үнемдеу-2020” бағдарламасы қабылданды

 

 

Елбасы өз Жолдауында қуат көзінің баламалы түрлерін пайдалану жағдайларын ойластыруды жүктеген болатын. Ең бастысы шығыны аз, қуаттылығы аса жоғары жаңартылған энергия – қоршаған ортаға зиянды заттарды бөлмей, экологиялық тазалықтың кепілі болмақ. Осыған орай елімізде “Энергия үнемдеу – 2020” бағдарламасы құрылды. Отырыста Үкімет үйінде қарауда жатқан құжаттың басымдылықтары талқыға салынды. Жаңа жобаны іске асыруда 9 бағыт ұсынылып отыр. Бұл алдағы 7 жылда тоқ көзі шығынын 25 пайызға қысқартады деп күтілуде. Әсіресе жылу мен жарық өндіруде ресурстың 50 пайызын тұтынатын өнеркәсіп және осыған қатысты бар шығынның 3/1 тиесілі тұрғын үй –коммуналдық жаруашылығын жаңғыртуға ден қойылмақ. 2 мыңға тарта кәсіпорында ысыраптың орнын толтыру үшін энергоаудит пен маркетинг жүйесі ендірілмек. Ал әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерде жылыту шаруалары тындырылып, есептегіш құрылғылары орнатылуда. Көшелер мен ғимараттарда қолданыстағы электр шамдары ресурсты 10 есе аз тұтынатын диодты жарық шамдарына алмастырылып жатыр. “Жасыл экономика” саясатын сәтті ендіруде 3 мыңға жуық нармативтік акті мен  тұтынудың 200 жаңа стандарты енгізілді. Жыл соңына дейін үш бірдей энергия үнемдеу орталығы қолданысқа берілмек. Олардың алдында жел, күн энергиясын қолдану үрдісін дамыта түсу міндеті тұр. Осыған қатысты 5 ЖОО 11 мамандық бойынша жаңа кәсіп иелері дарярланады. Бүгінде мыңнан артық маман қайта оқытылыпты. Облыс басшылары бұл төңіректе атқарылып жатқан шаруалар жайында баяндады. Кейін селекторлық жиында  жоба құпталды. Енді, қыркүйектің 1-нен жүзеге асырыла бастайды. Премьер-Министр Серік Ахметов бюджетке аса салмақ түсірмеу қамында инновациялық қадам жасаудың жаңа жолдарын іздестіруді тапсырды. Астанамен байланыс үзілген соң көтерілген мәселе жергілікті деңгейде талқыланды.

 

Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:

–Біріншіден тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына бағдарламаны облыстың қажетінше жетілдіре түсуді жүктеймін. Екіншіден энергия үнемдейтін автоматты қондырғылар мен қазандықтар орнатылуы тиіс. Оның бар амалдарын қарастыру керек. Жоба аясында бар мүмкіндіктерді пайдалануымыз қажет.

 

 

Жеңіс Ермұқанов