Мәдениет

Бейнелеу өнері мұражайындағы жаңа көрме

 

 

Суретші Юрий Кузнецов өзінің және шәкірттерінің жұмыстарын қоса есептегенде 250-ге жуық еңбекті 3 залға жайғастырды. Бірінші залға түгелімен педагогтың жұмыстары орналасқан. Ондағы шынайы бейнелер өмірден алынған. Көрмені “Искушения” тақырыбы мен оқушыларымен бірге жасаған экопластика стиліндегі 3 сурет тұйықтайды.

 

Юрий Кузнецов, №17 Ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің қосымша білім беру педагогы:

-Бұл көрмені біз мұражай қызметкерлерімен бірлесіп ҚР Конституциясы мен Білім күні мерекелеріне орай қаламыздың үлкен-кіші тұрғындарына сыйлық ретінде ұйымдастырдық. Мен тақырып таңдауда тәрбиеленушілеріме ешқандай шектеу қоймаймын. Олар осы суреттердің бір парасын жазғы демалыс уақытында келіп салып жүрді.

 

Екінші және үшінші залда 100-ден астам шәкіртінің жұмысы қойылды. Мұнда жас дарындар көркемдік шығармашылықтың сан алуан түрлерін жетік меңгергендігі көрініп тұр. Әрбіреуінің жанры ерекше таң қалдырады. Көрмедегі суреттерді №17 Ұлттық өркендеу орта мектеп-кешені мен “Родник”, “Олимпикс”, “Достық” балалар мен жасөспірімдер орталығында “Бейнелеу шығармашылығы” үйірмесіне қатысатын оқушылар салды. Сабақ барысында балалардың бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнердің қыр-сырын танып білуіне Юрий Кузнецов барлық жағдай жасаған.

Тәлімгердің шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық тіпті халықаралық әр түрлі сайыстар мен көрмелерге белсенді қатысады.

 

Жамиля Әбдірахманова:

-Юрий Иванович өте жақсы адам. Ол бізге сурет салғанда қандай қарындаштар мен бояуларды қолдану керектігін үйретеді. Ермексаздан кішкентай мүсіндер жасаймыз, түрлі-түсті қағаздарды қиып, біріне-бірін қосып желімдейміз. Маған осының барлығы ұнайды.

Тәрбиеленушілерінің жұмыстары ЮНЕСКО қамқорлығымен шығарылған альбомға енген. 2010 жылы бір шәкіртінің жұмысы Чехия қаласындағы Лидице мемориалында өткен көрме каталогында жарияланыпты. Әлем елдері мойындаған шәкірттер тәрбиелегені үшін оған бүгін білім бөлімінен алғыс хат келді.

 

 

Берік Қасен