Спорт

Сотталғандар арасындағы жазғы спартакиада аяқталды

 

 

Спартакиадада мықтылар гір тасын, зілтемірді көтеруден сынға түссе, ептілері шағын футбол, қол күресі, үстел теннисі мен волейболдан жарысты.

Жеңіс Тұрлыбековтің бабы бәрінен басымырақ түсті. Ол шағын футболдан өз құрамасын ілгері сүйреп, ақтық сында командасымен тұғырлы орыннан көрінді. Осыған дейін олар өзге түзеу мекемелерінен келіп ойнаған қарсыластарын жеңген болатын. Өзі спорттың 6 түріне қатысып, 5-уінде жеңіске жетті.

 

Жеңіс Тұрлыбеков, жазасын өтеуші:

-Осы спорттың барлық түріне қатыстым. Зияны жоқ. Қайта денсаулығым мықты болады. Осы жерде түзелгенімді көрсетіп, мерзімінен бұрын шығуыма, үйге тезірек қайтуыма өз-өзіме көмектесіп жатырмын. Осындағы әкімшілікке өз алғысымды айтамын. Не керектің, жағдайдың бәрін жасап берді.

 

Қай істе болмасын, бұл жігіттер мекеме ішіндегі барлық іс-шараларға қатысып, белсенділігімен көзге түсіп, өздерін тек жақсы қырынан ғана танытқысы келеді. Өйткені, басшылықтан алған жақсы мінездеменің кейін жазаны жеңілдетуге пайдасы тиеді.

 

Сейітқали Күркебаев, ЕС-164/9 мекемесі бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

-Сотталғандардың спорттық және де басқа іс-шараларға белсенді қатысуы, алдағы таңда олардың жазасының біршама жеңілдеуіне, босауларына үлкен сеп болады.

 

Бүгінгі таңда ЕС – 164/9 мекемесінде 98 адам жазасын өтеуде. Ішінара ол ерлер мен әйелдер жатақханасына бөлінген. Олар күндіз еңбекке тартылса, кешқұрым әркім қалауы бойынша волейбол немесе футбол ойнайды. Тренажер залында да жаттығуға болады.

 

Берік Қасен