Аптадағы маңызды жаңалықтар

Киров атындағы зауыт жұмысшылары мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына мүдделі

 

«СҚО Азаматтық Альянс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сергей Худяков үшін бұл бірінші кездесу емес. Бұған дейін де ақпараттық- насихат тобы талай мекемеде болып, Елбасы Жолдауының басым бағыттарын түсіндірген. Осы сынды шараларда топ мүшелері тек маңызды құжат жайлы ғана айтып қоймай, елді алға жетелейтін мемлекеттік бағдарламалар мен республикамыздың жеткен жетістіктері жайлы да баяндайды.

 

Сергей Худяков, «СҚО Азаматтық Альянс қауымдастығы» ҚБ төрағасы:

– Бүгін «Қолжетімді баспана- 2020» бағдарламасы облыста қалай жүзеге асырылып жатыр? Осы тақырып төңірегінде көбірек баяндамақпын. Онымен қоса, өңіріміздің өнеркәсіп салдасының дамуы да зауыт қызметкерлеріне қызықты болады деп ойлаймын. Олар қызмет ететін кәсіпорынның аймақ, тұтас ел дамуына қосар үлесін де айта кетпекпін.

 

Кездесу барысында Киров атындағы зауыт қызметкерлері топ мүшелеріне сауалдарын жолдап жатты. Жұмысшы қауымды  көбіне  «Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту», «Қолжетімді баспана- 2020» сынды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысы қызықтырды. Серік Айдарбековтің зауытта қызмет етіп жүргеніне бірнеше ай ғана болған. Ол еліміздің шамалы уақыттың ішінде жеткен жетістіктерін мақтан етеді. Ұлт көшбасшысының салиқалы саясатының арқасында табысты жобалар қолға алынып, ауыл-аймақ, тұтас Қазақстан дамудың даңғыл жолында дейді жас маман.

 

Серік Айдарбеков, «Киров атындағы зауыт» АҚ маркетолог-ассистенті:

– Кездесу қызықты өтті. Мен мемлекеттік бағдарламалар жайлы тереңірек білдім. Қазір, әсіресе, жастар үшін үймен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып табылады. Сондықтан кездесу өте жақсы деңгейде өтті деп ойлаймын.

 

Бүгінде кәсіпорында 700-ге жуық адам қызмет етеді. Жыл басынан кәсіпорын 8,5 млрд. теңгеге 40 келісім-шарт жасасқан. Өндіріс көлемі 4 млрд. 200 млн. теңгені құрайды.

Мағжан Ахмадина