Спорт

Боулингтен оқушылар арасындағы дәстүрлі турнир

 

 

Боулинг  – бүкіл әлемге танымал спорттың түрі. Онымен айналыспайтын жан жоқ шығар. Бұған дәлел – жыл сайын мектеп оқушыларының арасында ұйымдастырылатын “Көңілді демалыс” турнирі. Осы жолы жарыс жолында кегли соғу үшін 30 мектеп оқушысы өзара бақ сынасып көрді.

 

Ботагөз Жүнісова, “№1 Боулинг орталығы” ойын-сауық кешені директорының орынбасары:

– Ойыншылар жас ерекшеліктеріне байланысты 4 топқа бөлінеді. Келесі турнир қарашаның бірінші жексенбісінде өтеді. Оған 6 жастан 17 жас аралығындағы жеткіншектер қатыса алады. Бұл – қала кубогының 5-ші сыны.

 

Бас жүлдеден барлығы дәмелі. Сол себепті, мектеп оқушыларына кеглиді құлату үшін дәлдік керек. Кімнің ұпайы басым, сол жеңеді. Шыңғыс Жүнісов боулингпен 5 жылдан бері айналысады. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістігі болмаса да, осы спортқа деген қызығушылығы өте зор. Осы уақытқа дейін бастысы – жеңіс емес, қатысу деп келсе, бұл жолы бас жүлдеден дәмелі екенін жасырмады.

Боулинг шары жолындағы барлық кеглиді алғашқы мүмкіндіктен бір-ақ қағып құлату “страйк” деп аталады. Бұл кез-келгенге бұйыра бермейді. Жақсы дайындық қажет. Десе де, қалада рекорд жасаған жеткіншек те бар болып шықты. Ол – Александр Панченко. Александр – спорт шебері. Боулингпен не бары 3 жыл ғана айналысады. Тынымсыз дайындығының арқасына республикалық және халықаралық жарыстарда бас жүлдені қанжығасына байлап жүр.

 

Александр Панченко, боулингтен спорт шебері:

– Боулингпен жарты жыл бойы әуестеніп ойнасам, 2 жылдан бері кәсіби шұғылданып жүрмін. Европалық турда ақтық сынның жартысына өттім. Өзіме деген зор сенімділік бар. Сондықтан да жеңіске жетіп жүрмін.

 

Ойын шарты бойынша бірнеше рет қатарынан 12 страйк соғу керек. Оған Италияда болған бәсекеде қол жеткізіп, 300 ұпай жинаған Александр Панченкоға «Боулинг» орталығының атынан ақшалай сыйақы берілді.

Боулинг шары жолында өз бағын Диана Усольцева да сынап көрді. Жеңіске жету үшін мектеп оқушысы барын салуда. Диана жүлделі орындарды иеленбесе де, 10 үздік спортшының қатарынан көрінді.

Осылайша, үш кезеңнен тұрған боулинг турнирі қорытындыланды. Бас жүлдеге Артем Даниленко ие болды. Оған боулер сөмкесі мен 5 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал, екінші орынды Эдуард Рейнард еншілесе, үздік үштікті Адам Насыров тұйықтады. Ал, “Боулинг ханшайымы” атағы Диана Усольцевға берілді. Барлық қатысушыларға “1-ші боулинг орталығы” ойын-сауық кешенінің атынан естелік сыйлықтар табыс етілді.

 

Бану Ахметова