Қайырымдылық

№ 14 мектептің оқушыларына жаңа оқу жылы қарсаңында сыйлықтар табыс етілді

 

Жаңа оқу жылының басталуына бір-ақ апта қалды. Сөмке, қалам-қағаз сынды алатын заттар жетерлік. Ал, мына оқушылар кеңсе тауарлардың арзанын іздестіріп әуреленбейді. Өйткені, бүгін оларға осындай тарту-таралғы жасалды. “Мектепке жол” акциясы Юрий Гагарин атындағы № 14 орта мектепте жыл сайын ұйымдастырылады. Сыйлығын қуана-қуана алған Ангелина Дубинина жаңа оқу жылын асыға күтіп жүрмін дейді.

 

Ангелина Дубинина, Ю.А.Гагарин атындағы №14 орта мектеп оқушысы:

-Жыл өткен сайын мен мектептің көркі мен келбетіне әсте тоймай келемін. Үнемі жаңаша өзгерістер болып жатады. Жаңа мұғалімдермен танысамыз. Жалпы, мен алтын ұя – мектебімді осы 3 айлық демалыс ішінде қатты сағынып қалдым. Демалыста денсаулығымды күтіп, көбірек кітап оқуға тырыстым.

 

Сыйлыққа әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 40 оқушы ие болды.

 

Ботагөз Исина, Ю.А.Гагарин атындағы №14 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

-Біз осымен 6 жыл қатарынан көмекке мұқтаж жанұяларға қолдау көрсетудеміз. Балаларының мектепте қысылып-қымтырылмауына барлық жағдайды жасап береміз. Біздің мектеп жаңа оқу жылына толығымен дайын. Қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, барлық талаптар мен тексерістерден өтті.

 

Ирина Тюрина «Мектепке жол» акциясы ата-аналар үшін зор көмек дейді. Ол мектепте әлеуметтік аз қамтылғандардың есебінде тұр. Жаңа оқу жылында аталмыш білім ордасында енді оның 3 баласы оқитын болады.

 

Ирина Тюрина:

– Үлкен қызым 3-сыныпқа көшті, ортаңғы ұлым 1-сыныпқа барады. Ал, кенже қызым мектепалды даярлық тобына қабылданды. Отбасы үшін үшеуін бірдей жаңа оқу жылына даярлау аздап қиындық туғызады. Маған көмектесіп жатқан мектеп басшылығы мен өзге де қайырымды адамдарға рахметімді айтамын.

 

Ал, Александра Акимованың жөні мүлде бөлек. Оның осы жазда баспанасы жанып кеткен. Оған мектеп ұжымы қол ұшын беріпті. Жалғыз басты ана 2 баланы өзі өсіріп отыр. Ұлы 6-сыныпқа көшсе, қызы биыл 1-ші сыныпқа барады.

 

Александра Акимова:

-Мектеп ұжымы менің балаларыма жақсы білім беріп қана қоймай, менің мойнымдағы ауыртпалықтарды жеңілдетуге тырысып жүр. Мен сол үшін мектеп әкімшілігіне зор алғысымды білдіремін. Міне, енді балаларымды оқуға еш алаңсыз жіберемін. Ал, өзім жұмысқа шығайын деп жатырмын.

 

Бұл мектепке қажетті құрал-жабдықтарды алу үшін 120 мың теңгеден астам қаражат жұмсалған.

 

Берік Қасен