Денсаулық сақтау

№1 қалалық аурухана жаңа жабдықтар алды

 

 

Жуырда ғана төсек тартып жатқан Күләш Айбасованың қол-аяғына қазір жан бітті. Емін-еркін қозғалып, тренажерларда жаттыға бастаған. Зейнеткердің екі ай бұрын қан қысымы көтеріліп, инсульт алыпты. Сыр берген денсаулығының жақсаруына емдік терапия үлкен көмек болған.

150 орынға шақталған 1-ші қалалық аурухананың 60 керуеті неврология бөлімшесіне тиесілі. Тағы 6 орын науқастарды отадан соң сауықтыруға арналған. Оңалту қызметі науқастарды бас-ми тамырларының тарылуынан, беломыртқа жотасы жарақаты мен тірек-қимыл жүйелерінің зақымдалуынан айықтыру үшін құрылған. Биыл емдеу мекемесі облыстық қазынадан бөлінген 24 млн теңгенің жаңа құрылғыларымен толықты. Негізінен – физио, жарықтық, лазерлік, магниттік және сылау терапияларына арналған озық үлгідегі қондырғылар.

 

Галина Маметова, №1 қалалық аурухананың бас дәрігері:

-ауд. Облыс әкімі Самат Сапарбекұлының жәрдемдесуімен бюджеттен қаржы бөлінді. Тірек-қимыл жүйесі мен бұлшық еттердің белсенділігін арттыруға бағытталған заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды. Шипаға дейін және кейін денсаулықты автоматты тексеретін құрылғы қаламызда тұңғыш рет орнатылды. Бірегей шетелдік қондырғының елімізде 4 данасы ғана бар.

 

Түскен тың кешендердің бірі  буын ауруларын емдеуге бағытталған. Ал, мына ваннада дәрігерлердің қадағалауымен гидромассаж жасалады. Ол дене бітіміне сәйкес өздігінен реттеліп, басқарылады.

 

Алёна Мамонтова,   №1 қалалық аурухананың функционалды диагностика дәрігері:

– Су арқылы буындарды созуға арналған құрылғыда адам киіммен жата береді. Ол гидроматрас негізінде жұмыс істейді. Су арқылы толық шипа алғандай әсер қалдырғанмен, құрғақ күйде жұмыс жасайды. Ал мына ванна шойырылған бел омыртқаны түзетіп, қалпына келтіруге септеседі.

 

“Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында бұл заманауи қызметтер тегін. Жыл басынан 3 мыңға тарта науқасқа кәсіби көмек көрсетіліпті. Оның 167-сі ауыр оталардан кейін сауыққан. Бүгінде емдеу мекемесінде 25 дәрігер мен 80-ге тарта медбике жұмыс істейді. 5-уі биыл келген жас мамандар.