Құқық қорғау органдары

Жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы жиіледі

 

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жол полицейлері жүргізген түрлі шаралардың айтарлықтай нәтижесі бар. Мәселен, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда мас күйінде ұсталған жүргізушілердің саны 26 %, ал, жаяу жүргіншілердің үлесі 69 %-ға азайған.

 

Сайлаубек Мусин, СҚО ІІД жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары:

-Соңғы 7 айда 45 мыңнан астам жүргізуші жолда жүру ережесін бұзған. Оның 15 мыңы – жылдамдықты асырса, 1 мың 500-і рөлге мас күйінде отырған.

 

Алайда жас буынның қатысуымен болған жол-көлік апаттары азаймай отыр. Осындай 32 жағдайда 2 жеткіншек көз жұмып, 35-і түрлі дене жарақаттарын алған. Енді, полицейлер қала көшелерінде жаяу жүргіншілердің өтер тұсында “дыбысты ала жолақ” деп аталатын қосымша сызықтар мен алдын ала белгі беретін ақшыл-сары түсті белсенді бағдаршамдар орнатуды қолға алмақшы.

Қазір жол сақшылары “Абайлаңыз, балалар!” деген атпен жедел алдын алу шарасын өткізіп жатыр. Бұл акция аясында оқушылар мен олардың ата-аналарына, мұғалімдерге жол қауіпсіздігі ережелері түсіндірілуде.

 

Нұрлан Садықов, СҚО білім басқармасының әдіскері:

-Жолда жүру ережесі жайлы сыныптан тыс сабақтар аптасына кем дегенде 2 рет өткізіліп тұрады. Олар әр қилы әдістер мен түрлі формада өтеді. Сондай-ақ, алғашқы медициналық жәрдем беру амалдары да түсіндіріледі. Мектептерде “Жас жол инспекторы” атты үйірмелер жұмыс істейді. Оған облыс бойынша 4810 оқушы мүшелік етеді.

 

Оқу басталысымен оқушылардың дені автобустармен қатынайтынын ескерсек, мұнда да жолаушыларға жауап беретін қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты жағдай мәз емес. Биыл 7 жол-көлік оқиғасында 8 адамның денсаулығына нұқсан келген. Жалпы, ағымдағы жылы облыс аумағында 192 жол-көлік апаты тіркелді. Салдарынан 25 адам көз жұмып, 248-і жарақат алды.

 

Берік Қасен