Ауыл шаруашылығы

Үкіметте “Агробизнес-2020” бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі қаралды

 

Агроөнеркәсіп кешені – ел экономикасының басты табыс көздерінің бірі. Ауыл еңбеккерлерінің кәсібін жаңа деңгейге көтеру керек-ақ. Фитосанитарлық және ветеринарлық қауіпсіздікті жетілдіру міндеті тұр. Әсіресе, егін және мал шаруашылықтарын әртараптандыру қажет. Ол үшін озық үлгідегі тың үрдістерді екінің бірінің ендіруге қауқары жоқ. Бәрі келіп қаржыға тіреледі. Бұл ретте “Агробизнес-2020” бағдарламасының мүмкіндігін барынша пайдалану көзделіп отыр. Биыл мемлекеттік жобаны жүзеге асыруға ел қазынасынан 136,8 млрд. теңге бөлініпті. Бүгінде ауыл шаруашылық министрлігі 15 бағыт бойынша жоспар құрған. Бастысы – еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отандық тауар өндірушілерді қаржылай сауықтыру. Несие рәсімдеу механизмі біршама жеңілдетілмек. Ендігі кезекте лизингтер мен қарызға берілетін ақшаның пайыздық үстемеақысын қайтарымсыз 50 пайызға дейін қысқарту көзделген. Бұл үрдіс 2014 жылы ендірілмекші. Ол үшін өнімді сақтандыру міндеттеледі. Бұл – бағдарлама мүмкіндіктерін қолжетімді ету қамында. Мемлекеттік қолдау 4,5 есеге ұлғайтылмақ. 8 жылға жоспарланған жаңа жоба аясында агроөнеркәсіп саласына 10 трлн. теңге жұмсалмақшы. Бұл кешенді шара нәтижесінде өндіріс көлемі 1,5 есеге, еңбек өнімділігі 3 есеге артады деп күтілуде. Жиында сөз алған агроқұрылым басшылары жаңашылдықтың үлкен демеу болатынын жеткізді. Десе де, толық іске қосылмаған құжаттың кей тұстарын жетілдіре түсуге ұсыныстар түсті. Астықты кедергісіз сыртқа экспорттау үшін көлік логистикасын дамыту керек дейді жер емген диқандар. Ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу жағы қолға алынса, пайда үш есеге артатындығы да айтылды жиын барысында. Тиімді игерілмейтін жерлерге салық ұлғайтылса деген өтініштер түсті. Есесіне, ондай аумақтар пайдаға асыра білетін агроқұрылым игілігіне берілсе деген тілектер жолданды. Сондай-ақ, шетелден келетін импорт тауарын бақылауды күшейту керектігі айтылды. Тауар айналымын реттейтін сауда министрлігін құру қажеттілігі сөз болды. Халықаралық стандарттарға жауап беретін зертханалар да керек-ақ. Жиынды қорытындылаған Премьер-Министр Серік Ахметов ұсыныстар назарсыз қалмайтынын жеткізді. Кейін сараланып жаңа бағдарламаға кірістірілетін болады. Селекторлық байланыс үзілген соң көтерілген мәселе жергілікті деңгейде талқыланды. Облыс әкімі өңірдің ауыл еңбеккерлері мен тиісті ведомство басшыларына тың бастаманы жүзеге асырудан шет қалмауын талап етті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-“Агробизнес-2020” бағдарламасы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуға жаңаша қарқын қосады. Оны орындауға біз дайынбыз. Сол себепті, бұл жобаны жүзеге асыруда жекелей басшыларға қатысты жоғары талаптар қойылатын болатын.

 

Жеңіс Ермұқанов