Энергетика

Петропавлда жылу желілері жаңғыртылуда

 

 

Баспасөз турына қатысушылар алдымен Театральная және Брусиловский көшелерінің қиылысындағы № 15-ші жылу магистралінің жұмысымен танысты. Мұнда ескірген желілер пенополиуританмен қапталуда. Бұндай құбыр ұзақ жылдарға шыдас беретін көрінеді. Келесі кезекте журналистерге Абай көшесі бойындағы №2- ші жылу магистралінде жүргізіліп жатқан шаралар көрсетілді. Жұмыстар ағымдағы жылдың 13-ші мамырында басталған. Бұл мақсаттарға бағытталған қаржы 500 млн теңгеге жуық. Қазіргі күні жоспарлы істің 60 пайызы тындырылыпты.

 

Игорь Осняч, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директорының орынбасары:

– Бұл жердегі жұмыстар 2 кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде Алтынсарин мен Алматы көшесі аралығындағы №4-ші насос станциясы жөнделуде. Ендігі жылы 17-ші мектепке дейінгі өзге бөлігін жөндеуді жалғастырамыз. Мердігер компания «Су энергострой» серіктестігі. Мұнда 30-ға жуық адам мен 15 техника жұмылдырылған. Жұмыстар қыркүйектің 10-ы аяқталады деп жоспарланған.

 

Кейін журналистер №15 және №17 жылу магистралінде жоспарланған жұмыстар легімен танысты. Мұнда барлығы 280 метр құбыр ауыстырылуы тиіс болса, бүгінде оның жартысынан астамының жұмыстары тындырылыпты.

 

Андрей Дубков, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директорының міндетін атқарушы:

– Күрделі жөндеуге 12 млн теңгеден астам қаржы жұмсалмақ. Жөндеу жұмыстарынан кейін бұзылған жолды қайтадан қалпына келтіруді қолға аламыз.

 

«Петропавл жылу желілері» ЖШС Еуропалық қайта құру және даму банкінен 2,4 млрд теңге несие алған. Биыл оның 641 млн теңгеден астамы игерілмек.

 

Марат Мұстафин,ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігі СҚО бойынша департаментінің директоры:

– Бүгінгі күні Петропавлдағы жылу желілерінің 70 пайызының тозығы жеткен.Егер жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілсе, онда шамалы болсын жүйелер жаңартылып қалады. Биыл кәсіпорын жұмыс уақытын ұзартты. Бұл да жауапты маусымға тезірек қамдану үшін жасалған.

 

Жалпы кәсіпорын қарамағына 231 шақырым жылу трассасы мен 52 құбыр кіреді.

 

Мағжан Ахмадина