Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс аграрийлері орақ науқаны қарсаңында бас қосты

 

“Зенченко и К” КС алдағы қауырт маусымға әзір. Техниканың бәрі де бүгіннен егінге орақ салуға сақадай сай тұр. Бұған көрмені тамашалаған өңіріміздің агроқұрылым өкілдері көз жеткізді. Жерді өңдеуден бастап жинауға дейінгі бар шаруаны негізінен сенімге енген “Джондир” маркілі кешендер атқарады. Биыл ғана танап басына дәнді дақыл бастыруға 34 жоғары өнімді шетелдік комбайн шықпақ.

 

Иван Зенченко, “Зенченко и К”КС бас инженері:

– Үстіміздегі жылы қосымша соңғы үлгідегі төрт “Джондир” комбайнын сатып алдық. Озық техника астықтың ылғалдылығын, шығымдылығын, тіпті, кілегейлігін өзі анықтайды. Екеуінде автотрек жүйесі орнатылған. Яғни, кешен автоматты түрде өзін-өзі басқарады.

 

Заманауи комбайн күніне 200 Га дейінгі жердегі астықты құлатуға қауқарлы. Олардың мүмкіндіктерімен өңір жетекшісі де таныс болды. Аймақ басшысы әр шаруашылық орақ науқанына дәл осылай тыңғылықты қамдану керектігін тілге тиек етті. Серіктестік күзгі дала жұмыстарына қажетті жанармаймен толық қамтылған. Барлығы үкіметтің қолдауымен жеңілдетілген бағаға мың тонна дизелдік отын алыныпты. Сондай-ақ, көрмеде ауыл шаруашылық техникасы мен қосалқы бөлшектер шығаратын компаниялар да өз өнімдерін ұсынды. Олармен облыс әкімі әңгімелесіп, тапсырыс көлемін сұрап білді.

Кейін өңір жетекшісі мен ауыл еңбеккерлері шаруашылықтың картоп алқабына ат басын тіреді. Биыл бұл көкеніс 300 Га аумаққа отырғызылыпты. Картоп арнайы 6 комбайнмен жинастырылуда. Орта есеппен Га берекелігі 20 центнерден айналуда.

Үлгілі шаруашылықтың меймандары мұндағы мал азығының күйімен де таныс болды. Барлығы 5 мың Га алқапқа жем-шөп егіліпті. Самат Ескендіров тамшылап суарылатын жүгері егінжайын аралады. Мұнда да заманауи техника жұмылдырылған. Олардың көмегімен күніне 1300 тонна сүрлем әзірленеді. Гектар шығымдылығы 30 центнер шамасында. Бұл жер өңдеумен қатар жергілікті мал басын асылдандыруды жақсы жолға қойған серіктестік үшін жақсы көрсеткіш. Бүгінде 4 кешендегі мал басы 6700-ге жеткен. Оның екі жарым мыңы сауын сиырлар. Шамамен күніне 38 тоннадай сүт жиналады.

 

Геннадий Зенченко , “Зенченко и К” КС директоры:

– Біздегі ала торпақтарды америкалық жүйе бойынша қолдан ұрықтандырып жатырмыз. Олардың төлдерінің шетелден жеткізілетін жоғары өнімді құнажындардан айырмашылығы жоқ. Өнімділігі де теңелді. Өзіміздің торпақтарымыз ауа райына жақсы бейімделген.

 

Ірі шаруашылыққа қажетті тоқ көзін жел генераторлары өндіреді. Баламалы энергия таратушы қос нысан сағатына 750 кВт-қа дейін жарық береді екен.

 

Геннадий Зенченко, “Зенченко и К” КС директоры:

-Орта есеппен әр генератор сағатына 350 кВт энергия береді. Жаз уақытында шаруашылықты толықтай қамтуға жетеді. Қыста 70 пайызын толтырады. Бұрындары пайдаланған тоқ көзіне айына 6 млн теңге төлейтінбіз. Жаңа қондырғылар іске қосылғалы өтем құны 4 млнға азайды.

 

Сондай-ақ өңіріміздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері командиттік серіктестіктің шығымы бітік астықты алқабын тамашалады. Иеліктегі жер телімінің 20 мың Га ырыс дәні бидай егіліпті. Бүгінде бастыруға әбден жарайды, алайда, ауа райы қолбайлау болып тұр.

 

Геннадий Зенченко, “Зенченко и К” КС директоры:

– Негізінен қазақстандық үлгідегі тұқымдарды пайдаланамыз. Өйткені отандық тұқым теріскейдің ауа райына қолайлы. Орта есеппен гектарынан 2 мың тоннадан кем болмайды деп болжадық. Кей алқаптарда шығымдылық 30 центнерден асуы мүмкін.

 

Кейін диқандар мәдениет үйінде жайылған көрмеде серіктестіктегі ауыл шаруашылығы шикізатының өңделген дайын тауарымен де таныс болды. Бұдан соң аграрийлерге орақ науқанына дайындық барысы пысықталған семинар -кеңес ұйымдастырылды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Біз шаруашылықты аралап ендірілген тың технологиялық үрдістердің жемісін тамашаладық. Нәтиже көңілден шықты. Техникалық жарақтандырылуы мен әртараптандырылған салаларының бәрі өзгеге үлгі боларлықтай. Бұны әр шаруашылық назарға алуы тиіс.

 

Жиналғандарды алдағы жұмыс ауқымы жайлы облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құлағдар етті. Жалпы өңір бойынша орақ науқанына 10 мыңға тарта комбайн жұмылдырылмақ. Оның 200-ге жуығы – биыл алынған заманауи кешендер.

 

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– 4,3 млн. Га дәнді дақыл алқабының 3,6 млн.-ы – бидай. Майлы дақылдар 72 мың Га ұлғайтылды. Мал шаруашылығы әлеуетін арттыру үшін 319 мың Га. жем-шөп егілді. Мемлекет 72 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді. Астық сақтайтын 54 элеватор дайын тұр. Ендігі мақсат – егінды ысырап етпеу.

 

Отырыста аудан жетекшілері де ортақ іске әзірліктері жөнінде мәлім етті. Жекелеген агроқұрылым жетекшілері де алдағы қауырт маусымға қамдануларымен бөлісті.

 

Еркебұлан Мамбетов, “Мамбетов и К” КС директоры:

-Бүгінде орақ науқанына дайын отырмыз. Көктемде 18 мың Га алқапқа дәнді дақыл тұқымын сіңірдік. Оның 14 мыңы – бидай. Танап басына 34 жоғары өнімді комбайн шығады. Астықты кептірп, тазалайтын тоғымыз бар. Жылына 2-3 мың тонна асыл тұқымды бидай сатамыз. Егін жинау аяқталысымен жоғары сұрыптарын іріктейміз.

 

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы кеңестің ортақ істе кезігетін мәселелерді бірлесіп шешуде септесетініне сенім білдірді. Шеберлік алмасу қашанда артық еместігін жеткізді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бүгін алдағы жағдайды болжап, салмақтау үшін бірқатар маңызды тұстарды нақтылап алдық. Әңгімеден әр ауыл еңбеккері өзіне керегін түйіп алғанына сенімдімін. Тәжірибе мен ғылымды ұштастыра отырып, нақты шешім қабылдау қажет. Ауыл шаруашылығындағы уақыт күттірмейтін шаруа жоғары деңгейде ұйымдастырылуы тиіс.

 

Сондай-ақ Самат Ескендіров өлкедегі барлық ветеринарлық станциялар жетекшілеріне су жаңа көлік кілттерін табыс етті. Өңіріміздің мал дәрігерлік қызметтері 217 бірлік техникамен толықты. Бұған ел қазынасынан 756 млн. теңге бөлініпті.

 

Жеңіс Ермұқанов