Қоғам

Курск шайқасының жеңіспен аяқталғанына 70 жыл толды

 

Арада 70 жыл өтсе де, қарт жауынгер Қасым Жүнісов Курск шайқасын күні кеше болғандай еске алады. Уақыт зуылдап өте шықты. Бірақ, қан майдандағы ауыртпашылық әлі ұмытылар емес. Қасым атаның жасы 90-ға таяп қалды. Курс шайқасына аяқ басқанда 20 жастағы бозбала едім дейді. Ол Отан алдындағы борышын өтеу үшін Өзбекстанның Ташкент қаласына аттанған екен. Одан әрі Курск майданына жеткізіледі. Қанды соғыста Қасым Жүнісов екі аяғынан жараланыпты. Ұлы Жеңісті Байкалда қарсы алады. Ержүрек азаматтың еңбегі мен ерлігі ескерілген, кеудесінде түрлі медальдар мен ордендер самсап тұр.

Курск шайқасына Афанасий Васютин 21 жасында қатысқан. 1943 жылдың жазында 1 жарым ай бойы жаумен алысып, ол да аяғынан қатты жараланады.

 

Афанасий Васютин, Ұлы Отан соғысының ардагері:

-Әскери училищені аяқтап барғандықтан, бірден артиллериялық дивизионды басқару маған бұйырылды. 2 млн-дай әскеріміз жаяу жүріп соғысты. Жанымызды шүберекке түйіп, бейбіт өмір үшін жаумен күн-түн демей алыстық.

 

Ұрысқа екі жақтан 4 млн-нан аса адам қатысқан. Ал, қару-жарақ, әскери техника қаншама. Фашистер «Цитадель» деген атпен арнайы операция ұйымдастырып, күшінің басым бөлігін Курск иінін басып алуға жұмсайды. Бірақ, кеңес әскері бұған  берілмеді. Курск шайқасы – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде шешуші рөл атқарған шайқастардың бірі. Бұл Ұлы Жеңіске жетелеген үлкен қадам болып саналды. Сол ұрысқа бүгін 70 жыл толды. Ардагерлерді ардақтауды ұмытпаған “Жас Отан” ЖҚ белсенділері оларды гүлмен құттықтап, шағын ақшалай сыйлық тарту етті.

 

Мұса Танақұлов, “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ атқарушы хатшысы:

– Петропавлда Курск шайқасына қатысқан 10 ардагер тұрады. Елді жаудан қорғаған аға буынды ұмытпай, оларды құрметтеу – біздің қасиетті парызымыз.

 

Бану Ахметова