Спорт

Жастар мәслихатының “Мен чемпионмын” акциясы өз нәтижесін беруде

 

 

Таңғы жаттығу кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы балалар үшін ерекше басталды. Олар тай бокстан көпке танымал мықты екі спортшымен кездесті. Бірі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ел чемпионы Иван Ван-Хон-Тун болса, екіншісі – ел чемпионатының қола жүлдегері Саид Сұрағанов. Иван Ван-Хон-Тун – муайтайдың қыр-сырын жетік білетін майталман. Спортпен оқушы кезінен айналысқан. Ол қазір тай бокстан облыстың бас жаттықтырушысы. Бүгінде 100-ден астам шәкірті бар.

 

Иван Ван-Хон-Тун, тай бокстан ел чемпионы:

-Мұндай кездесулердің арқасында біз осындай ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қоғам болып пайдалы істер жасаймыз.Бүлдіршіндердің көбі Қазақстанда осындай тай бокстың барынан да бейхабар болып шықты. Бірақ, әңгіме барысында қызығушылықтары артып, сұрақтарын жаудырды.

 

Бибігүл осы орталыққа тамыздың 19-ында түскен. Тәрбиешілердің айтуына қарағанда, оның анасы қызын қараусыз тастап, өзі Астанаға жеке басының қамын ойлап кетіп қалған. Бұрымды балғын спортшылардың әңгімесін бар ынта-ықыласымен тыңдап отыр. 10 жасар Артем да танымал тайбоксшылардың келгеніне қатты қуанды. Шеберлік сыныбында көрсетілген әдістерді бірден қағып алып, өз күші мен шама-шарқын байқап көрді.

 

Артем, СҚО кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тәрбиеленушісі:

-Туған ағамның танысы да бокспен шұғылданады. Ол мені осы спорт түріне біраз баулыды. Ағайларға бокстан үйренген әдістерімді көрсетуге тырыстым. Маған тайбокс та ұнады. Келешекте осы спорт түрімен айналысқым келеді.

 

Шараны ұйымдастыруға облыстық жастар мәслихаты мұрындық болған. “Мен чемпионмын” акциясы ағымдағы жылдың мамыр айынан бері өткізілуде. Мәслихаттың менеджері Гоара Абраанянның айтуынша осылай талай жерде балаларға арнап бірқатар мықты спортшылармен кездесулер ұйымдастырыпты. Күнде бола бермейтін мұндай жүздесу мына балғындардың жадында мәңгі есте қалары сөзсіз.

Берік Қасен