Қоғам

ТКШ жаңғырту барысы азаматтық бақылауда

 

Мир көшесі, 229 мекенжайындағы үйдің салынғанына 40 жылдан асыпты. Көпқабатты баспана сол уақыттан бері жөндеу көрмеген. Әсіресе, үйдің шатыры әбден тозған. Соңғы жылдары төбеден су ағып, тұрғындардың мазасын қашырыпты. Инженерлік желілер де сыр бере бастаған. Пәтер иелерінің басым көпшілігі құрметті демалыстағы аға буын өкілдері болғасын толықтай кешенді жаңартуға мұршалары келмеген көрінеді. Сондықтан оған қажетті қомақты соманы “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы аясында несиеге алуға бел буыпты.

 

Ирина Хайрутдинова, үй тұрғыны:

– Жөндеу жұмыстары өткен жылдың қараша айынан басталды. Мердігер – “Компания “Эзар” серіктестігі. Құрылысшылар өткен айға дейін үйімізді толықтай жөндеп береміз деді. Шатыр толығымен жаңасына ауыстырылды. Подъездер қалпына келтірілді. Сметалық жобаға сай әлі тындыратын іс көп. Алайда, бар жұмыстар мамыр айынан тоқтатылды. Себебін білмейміз. Бастағанды аяғына дейін бітіру керек қой.

 

Шынымен, апаттық жағдайдағы үйде атқарылар шаруа бастан асады. Жаңа шатыр жөнделгенімен іштегі жұмыс соңына дейін жеткізілмепті. Суағарлар тартылмаған. Подъездер әрленіп, домофоны бар есіктер орнатылса да желілер өткізілмеген. Тұрғындар мемлекеттік жоба арқылы бір оқпен екі қоянды атып алмақшы еді. 17 млн. теңгенің жоспарына үйді қысқа дайындау кірістірілген. Алайда, жылыту желісі жаңасына алмастырылмақ түгіл, құрылысшылар жертөлеге кірмепті де. Тұрғындар “Нұр Отан” ХДП жергілікті өкілдігіне шағымданудан басқа амал таппаған.

 

Мұрат Жәкенов, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ партиялық бақылау комиссиясының инспекторы:

– Тамыздың 22-нен облыс орталығында мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын азаматтық бақылау акциясы басталды. Оның аясында қаладағы “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасына енген үйлердің құрылыс барысын тексеретін боламыз. Шара өңіріміздің қаржы полицейлерімен бірлесіп ұйымдастырылуда.

 

Жалпы, қадағалаушылардың мониторингіне мемлекеттік жоба аясында жаңғыртылып жатқан 15 үй кіретін болады. Тұрғындардан түскен әр шағым назарға алынады. Сеніп тапсырылған ісіне немқұрайлық танытқан мердігерлер жауапкершілікке тартылмақ.

 

Жеңіс Ермұқанов