ТЖ

Ер адам өрттен қызын құтқарғанымен өзі қаза тапты

 

Копай көшесі бойындағы 381-ші үйдің күлі ғана қалған. Өрт түн ортасында басталыпты. Жалынды бірінші көршілер байқаған. Дереу өрт сөндірушілерге хабар береді. Олар келгенше отты өз күштерімен басуға тырысады.

 

Сергей Дмитриев:

– Мені түнгі 3-те көршім оятты. Терезеден қарасам, қасымыздағы үй жанып жатыр екен. Далаға шықсам, өрт сөндірушілер де келіп қалған. Көршім қызын далаға терезеден шығарды. Жалынның қатты болғаны соншалық үйдің иесі шыға алмай қалды.

 

Ескі ағаш үй санаулы минуттардың ішінде от құшағына оранған. 35 жастағы ер адам 10 жастағы қызын терезеден сыртқа итеріп жіберуге үлгергенімен, өзі ажал құшты. 16 құтқарушы мен 4 техника жұмылдырылып, тілсіз жау тек 5 сағат өткен соң ауыздықталды.

 

Қайролла Ибраев, №1 өрт сөндіру бөлімі қарауыл қызметінің бастығы:

– Біз оқиға орнына келгенде өрт бүкіл үйді орап алған. Сөндіре бастағанда газ баллоны жарылды. Жалын одан бетер өрши түсті. Отты толығымен ауыздықтау тек таңғы 7 жарымда мүмкін болды.

 

Маңайдағы қора-қопсыға залал тиген. Өрттің шығу себебі әлі белгісіз. Дегенмен, мамандар төтенше жағдай көбінесе қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан болады дейді. Жыл басынан Петропавлда 160 өрт оқиғасы тіркелсе, 120-сы тұрғын үй секторында орын алған. 5 адам қаза тапса, 12- сі түрлі дәрежедегі жарақат алған. Тілсіз жау 12 млн. теңгенің шығынын әкелді.

 

Мағжан Ахмадина