Денсаулық сақтау

Бірінші қалалық аурухана 5 жаңа маманмен толықты

 

 

Бірінші қалалық ауруханаға ем іздеп келгендер алдымен науқастарды қабылдау бөлімінің қарауынан өтеді. Шұғыл жеткізілгендердің жағдайын тексеріп рәсімдеу жұмыстары Әсел Оспановаға жүктелген. Жалпы тәжірибедегі дәрігер тамыздың басынан жауапті іске кірісіпті. Қарағандыдағы медициналық университетті тәмамдаған соң бірден еңбек жолын кіндік қаны тамған туған жерінде бастауды жөн санаған. Лейла Кенжина да биылғы жылдың түлегі. Ақмолла облысының тумасы Астана медицина Академиясын емдеу ісі бойынша терапевт мамандығын меңгерген. Енді 7 жыл бойы оқып-түйгенін кәдеге жаратып жүр.

 

Лейла Кенжина, бірінші  қалалық аурухананың терапевт-дәрігері:

-Дәрігер болуды ертеден армандайтынмын. Мақсатыма жетіп стационарда еңбек етіп жүргеніме 1 айдай болды. Мұнда табысты жұмыс жасауыма барлық жағдайлар жасалған. Аурухана кең, жарық, күрделі жөндеуден өткен. Таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін қызмет етемін. Түнгі кезекшілікке де қалып жүрмін. Бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін.

 

Жұмысына енді кіріскен жас мамандардың әрқайсысының жанына тәжірибелі дәрігер бекітілген. Білікті әріптестері бар білгенімен бөлісуге аянбайды.

 

Борис Кузнецов, бірінші  қалалық аурухананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Жас мамандардың ЖОО-да алған теориялық білімі мол. Тәжірибе аздау болғандықтан әлі үйрету керек. Бастысы науқастармен жақсы қарым-қатынас орната білу қажет. Осы жағынан бар білгенімізді көрсетіп жатырмыз. Келген жас мамандарымыз еңбекқор. Айтқанымызды екі етпей бірден қағып алады.

 

Жалпы тамыздың 1-і күні аурухана 5 жас маманмен толығыпты. Оның үшеуі Астанаға қайта оқуға жіберілген екен. 2-уі невропатолог, енді бірі – сәулелік диагностика жүргізетін ренгенолог.

 

Галина Маметова, бірінші  қалалық аурухананың бас дәрігері:

– Біз оларды келісім бойынша мемлекет бекіткен жалақыдан артық табыс береміз деп қызықтырдық. Өйткені, еліміз бойынша сұраныс мол. Сонымен қатар, 200 мың теңгеден көтермеақы алады. Пәтер жалдауға жұмсалатын қаражат та аурухана есебінен өтеледі. Сондай-ақ, дифференциалды еңбекақы алады. Біз бұны өткен жылдан қолға алдық. Негізгі уақыттан артық жұмыс жасаса, жалақыға қосымша ақша төленеді.

 

Десе де, 150 орынға шақталған емханада маман тапшылығы әлі байқалады. Бүгінде невропатолог, реаниматолог пен сарапшы дәрігер қажет.

 

Жеңіс Ермұқанов