Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ауыл кәсіпкерлеріне өз істерін дамытуға 600 млн теңге бөлінді

 

 

“Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасының қолдауын тапқандардың бірі – Евгений Борисевич. Кәсіпкер ағаш өңдеумен 2008 жылдан бері айналысады. Өндірісін кеңейту мақсатында ол биылғы жылы аталған мемлекеттік жобаның екінші бағыты – «Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» бойынша 1 млн. 900 мың теңге несиеге ие болған. Қаржысын әлі толығымен игермесе де жартысына Беларустың ленталы ағаш кесетін құрылғысын сатып алыпты. Мына нысанды жалдап жұмыс істеп жатқандықтан, табыскер қалған ақшаны осы жерді сатып алуға жұмсамақшы. Оның бизнесі бүгінде өркендеп келеді. Ол соңғы 4 жылдың ішінде ағаш кесетін 57 станок жасап шығарған.

 

Евгений Борисевич, “Борисевич Е.А.” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

-Мен биыл “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы арқылы жеңілдетілген несие алдым. Қойылған талаптары көңілге қонымды. Енді, 6 пайыз үстемеақымен қарызымды 4 жарым жылдың ішінде өтеп шығамын. Қазіргі уақытта мұнда 7 адам еңбек етуде. Алдағы уақытта тағы 20 адамды жұмысқа алуды ойластырып жүрмін.

 

Ал, Бескөл кентіндегі кәсіпкер Бақыт Сейілова “Жұмыспен қамту” бағдарламасының көмегіне осымен 2-ші рет жүгініп отыр. Алғашында ақшаны ательесін ашу үшін алса, енді өндірісін кеңейтпекші. Бұл жолғы қаржы көлемі – 2 млн. 800 мың теңге. Олар биылдан бастап мектеп формаларын тігуге кіріскен. Оқу жылы таяп қалғандықтан, тапсырыс көп дейді мұндағылар.

 

Бақыт Сейілова, “Бахыт” тігін ательесінің директоры, Қызылжар ауданы:

-Алған несиеге мен шикізат, қондырғылар сатып алдым. Сөйтіп, жұмысшыларымның еңбектенуіне жақсы мүмкіндік жасадым. Тапсырыс берушілердің сұраныстарын орындап үлгеріп жатырмыз.

 

Биыл ауылдағы кәсіпкерлерді қолдау үшін республикалық бюджеттен бөлінген 600 млн. теңгенің барлығы толығымен игерілген.

 

Жанар Шаимова, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ менеджері:

-Биылғы жылы кәсіпкерлерден түскен өтініштердің бәрі қанағаттандырылды. Несиені ауыл азаматтары бизнес ашу және өндірісін ұлғайту мақсатында алып отыр. Кәсіптің дені ауыл шаруашылығы, құрылыс және тамақ өндірісіне байланысты.

 

“Жұмыспен қамту-2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл елді мекендегі 291 кәсіпкерге қолдау көрсетілген.

 

Бану Ахметова