Құқық қорғау органдары

Алимент төлейтін азаматтар жұмыс істейтін кәсіпорындар тексеріліп жатыр

 

 

Сот орындаушылары ең алдымен «Казтехпоставки» ЖШС-не барды. Кәсіпорынның бас есепшісінің айтуынша қызметкерлер арасында баласына қарызы барлар алименттерін ай сайын төлеп тұрады екен. Бірақ, ақшаның бөлінгені туралы тиісті қағаз сот орындаушыларының қолына уақытында тапсырылмаса керек. Кәсіпорынның есепшісі бұрын құжаттарды осылай кешіктіргені үшін бір рет айыппұл төлеген екен. Бұл жолы сот орындаушылары жай ғана ескертумен шектеліп, маманға барлық қағаздарын ретке келтіруге екі тәулік берді. Келесі барған кәсіпорын – «Вант» ЖШС. Бұл жердің жаңадан орналасқан бухгалтеріне сот орындаушылары заң талаптарын түсіндірді.

 

Қарлығаш Абаева, СҚО сот актілерін орындау департаментінің аға сот орындаушысы:

– Заңға сәйкес алимент төлейтін қызметкерлері бар мекеме есепшілері сот орындаушыларына жалақыдан ұсталған алиментке қатысты 3 айда бір рет есеп беріп отыруы тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда оларға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

 

Бүгінде департаментте алиментті өндіріп алуға қатысты 4 мыңнан астам іс жатыр. Оның мыңы – кәсіпорындарда.

 

Мағжан Ахмадина