Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданы диқандарының орақ науқаны қарсаңындағы кеңесі

 

Қызылжар ауданының диқандары мен ауыл шаруашылығы мамандары өзгеге үлгі болар “ӘбиЖер” ЖШС бас қосты. Мұнда меймандарға қожалық иелігіндегі техникалық парктің мүмкіндігі көрсетілді. Серіктестікте ауыл еңбеккеріне аса қажетті шөп түктейтін, отын әзірлейтін, астық жауы – зиянкестер және аурулармен күресуге арналған тың агрегаттар баршылық. Дегенмен, жер емген диқандардың назары орақ науқанында таптырмас көмекшіге айналған техникаларға ауды.

Мәселен, мына “Джондир” комбайны күніне 300 Га дейін бидай құлатуға қауқарлы. Ауа райы тылсым мінез танытса, ылғалды егінді жинай беретіні де бар шаруашылықта. Орақ салған комбайн негізгі шаруасынан алыстамас үшін арнайы тасымалдағыш көліктер де қарастырылып қойылыпты. Бастырылған ырыс дәні дестеге сыймаған жағдайда 250 тонналық қапшықтарға сақтап қоятын техника да сақадай сай. Бәрі де – шетелдік озық үлгі.

 

Василий Черкасов, “ӘбиЖер” ЖШС атқарушы директоры:

– Орақ науқанына дайынбыз. Техника майланып, сайланды. Жанар-жағармай толықтай жеткізілді. Жоспарға сай тамыздың 25-сі танап басына шығамыз.

 

Танымдық көрмеге “ГАРД-Сервис Қазақстан” компаниясы да өз техникаларын қойған. Олар алқаптарды дәрілеуге арналған аэразольді генераторды ұсынып отыр.

 

Олжас Бектасов, “ГАРД-Сервис Казахстан” компаниясының өкілі:

-Тыңайтқыштар мен гербицидтердің кез-келгенімен жұмыс істей береді. Дәрі шашқанда турбиналы аэрозоль қозғалтқышы қолданылады. Қанатты у сіңіргіштерден айырмашылығы радиусы әлдеқайда кең. Бұл дәнді баспай, алқапты айнала жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Және жанармайды әлдеқайда аз жұмсайды.

 

Кейін шеберлік алмасуға жиналғандар “ӘбиЖер” серіктестігінің алқаптарын аралады. Көктемгі егісте 14 мың Га жерге дәнді дақыл тұқымы себіліпті. Оның тек 30 пайызы – бидайдың үлесінде. Негізінен майлы дақылдарға басымдық берілген. Мына аумақта бадана – рапс дәні жиылады деп күтілуде. Шамамен гектарынан 30 центнер бастырылмақ. Криофил жүйесі бойынша тазалығы 98 пайызды құрауы тиіс дейді мамандар. Кездесуде жалпы ауданның дайындығы пысықталды. Алда Қызылжар ауданында 194 мың Га жерден дәнді дақыл жинау межеленген. Оның 150 мыңы ырыс дәні – бидайға тиесілі. Техниканың жаңартылуымен бір комбайнға 210 Га жүктеме түседі екен. Бұл былтырғыдан 10 пайызға кем.

 

Өмірбай Омаров, Қызылжар ауданы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:

– Қызылжар ауданындағы барлық 301 шаруашылық егін оруға дайын отыр. Қажетті жанар-жағармайдың 72 пайызы жеткізілді. Техника әзір. Келесі аптадан астықты жинауға кірісеміз.

 

Жалпы облыс бойынша орақ науқанына 10 мыңға тарта комбайн жұмылдырылмақ. Оның 200-ге жуығы – биыл алынған заманауи кешендер.

 

Димаш Таласбаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– 4,3 млн. Га дәнді дақыл алқабының 3,6 млн.-ы – бидай. Майлы дақылдар 72 мың Га ұлғайтылды. Мал шаруашылығы әлеуетін арттыру үшін 319 мың Га. жем-шөп егілді. Мемлекет 72 мың тонна арзандатылған дизель отынын бөлді. Астық сақтайтын 54 элеватор дайын тұр. Ендігі мақсат – егінды ысырап етпеу.

 

Өңір диқандары биылғы бітік шыққан егіннен 5 млн тонна астық жинауды межелеп отыр. Ендеше, іске сәт.

 

Жеңіс Ермұқанов