Спорт

“Қызылжар” өз алаңында “Оқжетпеспен” кездесті

 

 

Әзірге, “Қызылжар СК” ойыншыларының аяқ алысы жаман емес. Футболдан ел біріншілігіне ілігу үміті әлі де бар. Олар жаз маусымы басталғалы 41 ұпай жинап, турнир кестесінде үздік бестіктің тізімінде тұр. Ал өз алаңында бұл жолы қабылдаған қарсыласы Көкшетаудың “Оқжетпесі” болса жергілікті командадан 4 ұпай алда. Бірінші лигада екінші болып келеді. Демек, жеңістің көкжиегі оларға алыс емес. Кездесу басталысымен қызылжарлық аяқдопшылар тізгінді өз қолдарына алды. Жаңа айла-тәсілді қолданды ма, әйтеуір, ойынның 1-ші минутында 33 нөмірлі жерлесіміз Давити Чагелишвили алғашқы голын соқты.

Бұдан “Қызылжар” командасы ойыншыларының тынысы кеңейді. Олардың бойына күш бітіп, бірнеше тәсілдерімен қос қапталдан шабуылдауға көшті. Бірақ, “Оқжетпес” оған тойтарыс беріп, артынша, алаңда ойын тәртібін бұзғаны үшін жергілікті ойыншылардың бірі сары карточка алды. Осылайша, көкшелік футболшылар біздің қақпаға 11 метрлік айып добын бағыттаған болатын, бірақ оны 33 нөмірлі Давити Чагелишвили қағып үлгерді. 17 нөмірлі Эдуард Троменшлегердің де еңбегін ескерсек. Ойыншы үнемі оң қапталдан келіп жатқан соққыларға жақсы тойтарыс беріп отырды.

 

-«Қызылжар» командасының ойыншылар жақсы ойнап жатыр. Осы беттерінен қайтпаса , міне жеңісті қолдан бермейді деп отырмын. 1:0 есеп. Әрі қарай тағы голдарды соғады деп үміттеніп отырмын. Қазір турнир кестесі бойынша 5-ші орында, енді жоғарылап 1-ші орынға көтерілуіне тілектеспін.

-Ойын өте тамаша. «Қызылжар» 1 таймда жақсы ойнады. Егер 2 таймды да дәл осылай ойнап шықса, біз қуанышты боламыз. Ел біріншілігінде ең кемінде 2-ші орын алса да, оған риза боламын. Бұл жігерлі жастардың бойларында тұнып тұрған күш. Егер олар сол қалпын дұрыс бағыттай білсе, міндетті түрде жеңіске кәміл жетеді.

 

Ойынның 13-ші минутында қарсыластар қыза бастады. Тартымты тұстар да сол шақта ерекше көрінді. Алайда, қызылжарлық футболшылар допты бір-бірлеріне баспен пас беру арқылы аспанда үйіріп, қонақтардың шамына тиді. Осылайша, ұзаққа созылған теке-тірес еш нәтиже бермеді. Бірақ  алаң иелері қонақтар қорғанысынан саңылау тауып, қақпаға тағы бір доп бағыттаған болатын. Ол қиыс кетті. Көкшелік жігіттер де қарымта шабуылдарға көшкенімен 13 нөмірлі қақпашымыз Владимир Никлевич олардың бәріне тойтарыс беріп отырды. Сөйтіп, бірінші таймның негізгі уақытына тағы 2 минут қосылды. Бірақ, одан тақтадағы 1-0 есебі өзгерген жоқ. Кездесудің екінші бөлімі де қызу тартыспен басталды. Бірі таразы басын теңестіруге ұмтылса, екіншісі ұпайды еселеуге талпынды. Ойынның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда “Қызылжар СК” командасының капитаны Юрий Дяк допты баспен қағып байқаусызда өз қақпасына гол жіберіп алып, таразы басын 1-1-ге теңеді. Әттеген-ай деуден басқа амал жоқ.

 

Владимир Никлевич, “Қызылжар СК” ФК қақпашысы:

-Бұл ойында бізге жеңіс ауадай қажет еді. Қарсыластарымызға қарағанда бізде ұрымтал да оңтайлы сәттеріміз көп болды. Бірақ, біз ойда-жоқта қарсыласымызға бір голды сыйлап, есепті теңестіріп алуға өзіміз жол бердік. Мұнымен жеңілдік деп әлі тон пішіп айтуға болмайды. Сәл сәтсіздікке бой алдырдық. Әрі қарай енді ұпай санын ұлғайтып, тек жеңуге ғана ниеттенетін боламыз. Өйткен, команда құрамына жақсы ойыншылар жиналған.

 

Алдағы ойындарда жерлес футболшыларымыздың үмітінің үзілмей, бәсекелі ел додасында шыңдалып шырақша жағыла беруіне тек жанкүйерлердің қолдауы мен демеуі ғана көмектеспек.  Келесі ойын қыркүйектің сегізінде өтеді. Онда жергілікті команда өз алаңында Талғар қаласының “Ақбұлақ” командасын қабылдамақ.

 

Берік Қасен