Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау

 

Виктор Валяев мына арбаның арқасында енді күнде далаға шығып серуендеу мүмкіндігіне ие болды. Ол 1-ші топтағы мүгедек. Кезінде құрылысшы болып жұмыс істепті. Қазір сол жағынан сал болып қалған.Өздігінен қозғалуы қиын, сондықтан жұбайы үнемі жанында.

 

Татьяна Валяева, В.Валяевтің жұбайы:

-Осы арбаның арқасында аз да болса жеңілдеп қалдық. Жиі далаға серуендеуге шығып тұрамыз. Оның қолы қозғалмайтындықтан, арбаны мен итеріп, туған- туысқандардың үйіне барып жүрміз.

 

Қария үкіметтің өзі сияқты жандарға көмектесіп, әрдайым қол ұшын беріп отыратындығы қуантады дейді. Оның мүгедектер арбасына таңылғанына 1,5 жыл болған.

 

Виктор Валяев, І топтағы мүгедек:

-Біздің зейнетақымыз аз. Ол қымбат дәрі-дәрмек сатып алудан да қалмайды. Сондықтан әлеуметтік қорғау орталығынан көмектесулерін сұрадым. Өтінішім жерде қалмады. Барынша қол ұшын беруде.Оларға айтар алғысым шексіз.

 

Жалпы мүгедектерді оңалту үшін барлық деңгейдегі бюджеттерден 213 млн. теңге бөлінген. Соның 148 млн-ны  облыстық қазынанікі. Осы қаражаттың арқасында мүмкіндігі шектеулі жандарға мүгедектер арбасы, 350 дана сурдотехника, 240 есту аппараты, 312 дана тифлотехника сатылып алынған. Курорт-санаторийде емделу үшін 600 адамға жолдама берілсе, 765 азаматқа протез-ортопедиялық көмек көрсетілген.

 

Лариса Шереметьева,СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектерді оңалту бөлімінің басшысы:

– 1 тамызға дейін 400 адамға протез-ортопедиялық көмек көрсетілді. Ал 267 адам санаторийде емделіп келді. Сонымен қатар қала мен аудан қазыналарынан мүгедектерді гигиеналық жабдықтармен қамту үшін 65 млн теңге бөлінді. Бұл – бірінші топтағы мүгедектер мен саңырауларға көрсетілетін жәрдем.

 

Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерге көлік қызметі де қарастырылған. Олар үшін тегін “әлеуметтік такси” жұмыс істейді. Бұл мақсатта қала бюджетінен 9,2 млн теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін аталған қызмет түрін 1949 адам пайдаланыпты.

 

Бану Ахметова