ТКШ

Алдағы демалыс күндері қалада су болмайды

 

 

Апта соңында Петропавл қаласы мен Тепличное кентінде таза ауыз су тарату 2 тәулікке тоқтатылады.

 

Сергей Визеров, “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:

-Орталық үлестіргіш желіні жоспарлы тазарту жұмыстары тамыздың 24 –і жұманың түн ортасынан дүйсенбіге қараған түнге дейін жалғасады. Сенбі, жексенбі күндері су мүлдем болмайды.

 

Құбырларды жуып-шаю жұмыстары жыл сайын жаз мезгілінде атқарылады. Өйткені, температура жоғарылағанда тіршілік көзінің сапасы нашарлайды екен. Оны залалсыздандыру үшін желідегі қысым 5 есеге ұлғайтылады. Осы уақытта суды асқа пайдалануға болмайды. Себебі, оның құрамында хлор қосындысы шамадан тыс көбейтіледі. Бұл жұмысты сапалы әрі жылдам атқару үшін кәсіпорынның 500 қызметкері жұмылдырылмақ.

 

Сергей Визеров, “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:

– Бірінші күні, сенбіде механикаландырылған тазарту жұмыстары атқарылады. Жексенбіде желідегі су құбырлары толығымен хлормен шайылады. Себебі, жаз мезгілінде бактериялар пайда болады.

 

Үздіксіз су тарату үрдісі уақытша үзілгенімен әлеуметтік маңызы бар емдеу мекемелері, интернаттар мен балабақшалар тіршілік көзінсіз қалмайды. Ондай нысандарға су тасымалдауды серіктестік өз мойнына алып отыр.

 

Сергей Визеров, “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:

– Қала бойынша үш бағытта екі күн бойы су жеткізіледі. Бұл жұмыс ауқымы белгіленіп, жоспар құрылды. Кестеден ығыспау үшін резервті көлігіміз де бар.

 

Қалалықтарға да қамдаған су жетпей қалған жағдайда кәсіпорын жеткізіп тұруға дайын. Ол үшін 50-13-84, 50-13-86 нөмірлері бойынша диспетчерлік қызметке хабарласу керек.

 

Жеңіс Ермұқанов