Қайырымдылық

Қазақ мектеп-гимназиясының оқушылары оқу жылы қарсаңында сыйлықтарға ие болды

 

Оқудың басталуына санаулы күндер қалды. Мектептегі белсенділердің бірі 5-сынып оқушысы Тасқын Қайыптың бүгін қуанышында шек жоқ. Ол, енді оқуға қажетті кітап-дәптерді қайдан аламын деп алаңдамайтын болды. Өйткені, оған бүгін жаппай оқыту білім қорынан бөлінген қаражатқа қаламынан бастап оқитын оқулығына дейін толық табыс етілді.

 

Тасқын Қайып, Қазақ мектеп-гимназиясының 5 сынып оқушысы:

-Мен анама осы мектепке түсіргеніне рақмет айтамын. Маған осы мектеп жылда өтетін акцияда оқу құралдарын береді. Мен осы мектепке 1-сыныптан бастап оқимын. Өзім 5 “в”-сыныбына көштім. Енді, 9-сыныпқа дейін осы мектепте жақсы оқуға уәде беремін.

 

Әсіресе, қыркүйек айы жақындағанда, оқушыға керекті киім-кешек пен оқу құралдары бағасының шарықтап кететіні рас. Ол бірінші кезекте көпбалалы, әсіресе, мектеп жасындағы балалары бар ата-аналардың қалтасын қағады.

 

Шынар Ахметжанова, мектептегі ата-аналар комитетінің мүшесі:

-Бұл мектепте менің қызым оқиды. Мұндай игі шараның үнемі өтіп тұрғаны жақсы. Өйткені, көмекке зәру әлеуметтік аз қамтылған ата-аналар қаншама. Солардың қуанышына бүгін мен де ортақпын. Балалар – біздің келешегіміз. Енді, олар осы мектеп құралдарын игілігіне жаратып, ата-аналарын тек қана “5” деген бағамен қуанта берсін.

 

Тұрмыстық деңгейі төмен және көпбалалы отбасыларға көмектесу бұл мектепте көптен бері игі дәстүрге айналған.

 

Данаш Әбдірахманова, Қазақ мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

-Жалпы бұл жаппай оқыту қорынан біздің мектепке 300 мың теңгеден артық ақша бөлініп, 51 оқушы толықтай қамтамасыз етілетін болады.

 

Биыл аталмыш білім ошағында 800-ден астам оқушы оқитын болады.

 

Берік Қасен