Көлік және жолдар

Өңірдегі жол жөндеу барысы

 

 

Журналистерге ең алдымен Есіл ауданындағы «Покровка-Корнеевка-Горное» бағытындағы облыстық маңыздағы КТ-29 жол учаскесі көрсетілді. Бұл аумақтағы 5 шақырымдық жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалпына келтіруге 42,3 млн. теңге жұмсалған. Аталмыш аудан арқылы өтетін мына тас жолда бұрындары жүргізушілерге жиегімен ғана жүруге тура келіпті. Облыстық қазынадан бөлінген қаржыға шұңқырлар бекітіліп, жағдай біршама оңалып қалған.

Журналистер келесі аялдамада күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Ондағы шаруаны тындыру «Петропавл жолдары» ЖШС-не тапсырылған. Василий Гайдай – асфальт төсегіштің жүргізушісі. Неміс елінен шыққан «Фогель» маркалы заманауи техника ықшам болғанымен өнімділігі жоғары.

 

Василий Гайдай, «Петропавл жолдары» ЖШС асфалт төсегішінің жүргізушісі:

-Бұл машинада жұмыс жасау өте оңай. Негізгі істі компьютер атқарады. Бізге тек тетіктерді басса болғаны. Барлық мәлімет экранға шығады.

 

Соңғы екі жылда «Покровка-Корнеевка-Горное» елді мекендерін байланыстыратын жолдың 12 километріне күрделі жөндеу жасалған. Биыл тағы 4 шақырымы жаңғыртылмақ.

 

Марат Ташенов, «Петропавл жолдары» ЖШС директоры:

– Есіл ауданында жұмыстың үш түрін қолға алдық. Қазір біз тұрған аумақта күрделі жөндеу жүріп жатыр. Жоба құны – 262 млн. тг. Бүгінде қаржының 160 млн-ы игерілді. Жоспарға ілесіп келеміз. 20-қыркүйекке дейін тапсыруға тырысамыз.

 

Кейін баспасөз турына қатысушылар Айыртау ауданына ат басын тіреп, ондағы құрылыс басында болды. Мұнда «Антоновка-Лавровка-Горное» арасындағы жол жаңартылып жатыр. Оның 14,3 шақырымына орташа жөндеу жүргізу керек болған. Екі қабатты асфальт бетон жамылғысының алғашқысы төселді. Сондай-ақ, трасса бойындағы шұңқырлар бітелуде. Әлі межеленген бар жоспардың 40 пайызын тындыру қажет.

 

Артем Пагосян, «Норд жолдары» ЖШС директоры:

– Негізгі асфальт жамылғысы толықтай төселді. Барлығы 12 мың шаршы метр жердегі шұңқырлар тегістелді. Енді тағы 8 мың шаршы метр аумақтағы жұмысты аяқтау қалды.

 

Дәл осы құрылыс алаңында баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Жалпы облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды қалпына келтіру барысы туралы жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бейбіт Исманов баяндады.

 

Бейбіт Исманов, СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

-Көктемгі тексерісте облыстағы жолдардың тек 30 пайызы ғана көліктердің қатынауына жарамды деп танылған. Өзгесіне шұғыл жөндеу қажет. Жалпы, ел көлемінде осындай жағдай. Олардың жобасы өткен ғасырда құрылған. Және бүгінгі үздіксіз қатынайтын көлік салмағына арналмаған.

 

Биыл күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына 5,5 млрд. теңге бөлінген. Жергілікті маңыздағы жолдардың ұзындығы 7,5 мың шақырымды құрайды.

 

Жеңіс Ермұқанов