Білім

Өңір ұстаздары оқытудың жаңа әдістерін меңгеруде

 

 

Өңіріміздің 280 мұғалімі Кембридж бағдарламасы бойынша біліктілігін арттырды деген 3-ші деңгейлі сертификатқа ие болды. Бұл педагогтар үш ай бойы арнайы курстарда білімдерін жетілдіріп шыққан. Сертификат алушылардың арасында Мәрия Өтемұратова да бар. Ол Айыртау орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Еңбек өтілі –  20 жыл. Ұлағатты ұстаз-біліктілікті арттыру курсында оқушыларға заман талабына сай білім беруге үйрендік дейді.

Бұл жолы Ақжар ауданындағы білім ошақтарының 11 мұғалімі үшінші деңгейлі сертификатқа ие болды.Солардың бірі Бестерек орта мектебіндегі математика пәнінің мұғалімі Шолпан Мұқаева. Бұған дейін аталған оқу ошағының 6 ұстазы осындай сертификат алса, тағы үшеуі екінші деңгейлісін иемденіпті. Біліктілігін енді арттырған педагог жастарға сапалы білім беруге барымды саламын дейді.

 

Шолпан Мұқаева, Бестерек орта мектебінің мұғалімі, Ақжар ауданы:

-Біздер бір топ оқушылармен, дарынды балалармен қалай тіл табысу керектігін, осы сабақта үйрендік.

 

Жалпы біліктілік арттыру курсында оқуға өңір мектептерінен 303 мұғалім келіпті. Соның тек 280-і ғана білімдерін емтиханда дәлелдей білген. Сөйтіп, республика бойынша өңіріміз екінші орынан көрінді. Бірінші орында Ақмола облысы.

Жалпы бүгінгі күнге дейін өңіріміздің 600 мұғалімі біліктілігін арттырған. Ал  келесі 3-ші деңгейлі курс қыркүйек айында басталады.

 

Бану Ахметова