Спорт

Марафоншы Софья Султанованың автобиографиялық кітабы

 

“Бегом в другую жизнь” аталатын жаңа кітаптың авторы – Софья Султанованың өзі. Сиясы кеппеген туынды Софья Султанованың спорттық өмірінен сыр шертеді. Ол 10 жылын жүгіруге арнаған. Осы уақыт аралығында айтарлықтай әңгіме жинақталыпты. Талай жарысқа қатысып, көрген-білгенін көпшілікпен бөлісу үшін ол осылай тұңғыш еңбегін жазды. Кітап 2 бөлімнен құралған. Біріншісінде өзі қалам тербесе, екіншісі газет беттерінде жарияланған мақалалардың жиынтығынан тұрады.

 

Софья Султанова, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Мен жүгіруге алғаш рет 2002 жылы қатыстым. Сол кезден бергі газет бетінде жарық көрген материалдардың барлығын жинастырып жүрдім. Бұл дүниелердің бәрі керегіме жарады. Кітапты жазуды былтырғы жылдың маусым айында бастаған болатынмын.

 

Софья Султанова бірінші рет Омбы қаласында 5 шақырымға жүгірген.  10 жылдың ішінде ол 30 марафон, 26 жартылай марафон, 10-15 км қашықтықты бағындыру жарысына 23-рет қатысыпты. Бәрінде де бағы жанып, жүлделерге ие болған. Бұл жайында кеңірек мына кітапта бар.

 

Софья Султанова, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Артымда ілініп тұрған медальдар мен мақтау қағаздары – менің жеңістерім. Бастапқы кезде жүгіру өте қиын болды. Бірақ, кейін үйреніп алдым. Қай жерде марафон ұйымдастырылса да қалмауға тырыстым. Әлі де болса спортпен айналыса бермекпін.

 

Негізі Софья Султановаға кітапты жариялауға “Северный Казахстан” газетінің ұжымы көмектескен.

 

Лариса Морозова, “Северный Казахстан” газетінің редакторы:

– Біз Софья Султанованың жинап жүрген материалдарын алдық. Бірінші бөлімін өзі жазғандықтан оны редакцияладық. Жалпы кітапта оның жетістіктері туралы көп жазылған. Алда мұндай азаматтар жайында тағы да кітап шығарсақ деген ойдамыз.

80 жасқа таяған Софья Султанованың кезекті жарысы келесі жылы Нью-Йорк қаласында өтеді.

 

 

Бану Ахметова