Бизнес және экономика

Кәсіпкерлерге арналған экспресс-курс

 

 

Александр Гончарук басшылық ететін серіктестік көбіне медициналық мекемелермен тығыз жұмыс істейді. Ол өз ісін алдағы уақытта дамытуды жоспарлап жүр. Сол себепті, кәсіпкерді мамандарды оқыту жайы қызықтырады.

 

Александр Гончарук, «Техмедсервис» ЖШС директоры:

-Қазір сапалы кадрлар мәселесі өзекті болып отыр. Мен семинарға қызметкерлерді қалай және қайда оқытуға болатынын білу үшін келдім. Жалпы, жұмыс барысында туындайтын өзге де мәселелердің шешімін тыңдағым келді.

 

Оқыту-тренингінде отырғандардың көбі – жас кәсіпкерлер. Олар дәріс оқылып болғаннан кейін, мамандарға көкейінде жүрген сұрақтарын қойды.

 

Гүлдинар Ержанова, дәріс оқушы:

– Мұндай сабақтарға іскер азаматтар белсенді қатысады. Олардың білмегенді білуге, үйренуге деген құлшынысы зор. Мәселен, жеке кәсіпкерлікті тіркеу, салық төлеу тәртібі, бизнесті бәсекеге қабілетті ету үшін не істеу керек? Осы туралы жиі сұрастырады.

 

“Кәсіпкерлерге арналған экспресс-курс” атты оқыту-тренингі екі күнге жоспарланған. Бүгінгі лекцияға 20-ға жуық адам келді. Оларға дәрісті Көкшетаудағы “Шоқан” инновациялық- консалтингтік орталығының 6 бірдей кәсіби маманы оқиды. Сабақ аяқталған соң қатысқан азаматтарға сертификаттар табыс етіледі.

 

Әлия Айтұғұлова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ СҚОФ менеджері:

– Осы сертификаттарды алған адамдар гранттық қаржыландыруға қатыса алады. Егер олар барлық талапқа сай болса, 3 млн. теңгеге дейінгі қаржы алуға мүмкіндіктері бар. Кейін “Центркредит банкімен” бірлесіп жүргізілетін «Даму Старт-ап» бағдарламасына қатысуына болады. Өткен жылы біз 6 кәсіпкерге осындай грант бердік. Қазір олар өз істерін дөңгелетіп отыр. Ал, жыл басынан 2 адам грантқа ие болды.

 

«Бизнес-кеңесші» бағдарламасы қолға алынғалы бері Солтүстік Қазақстан облысында осындай курстардан 3 мыңға тарта адам өткен. Биыл семинар-тренингке 540 жаңа кәсіпкер қатысады деп жоспарланып отыр. Ауылдық аймақта ұйымдастырылған 11 сабаққа 300-ге жуық азамат келіп дәріс алыпты. Бұл жұмыс аудандарда да жалғасады. Келесісі Есіл және М.Жұмабаев аудандарында өткізілмек.

 

Мағжан Ахмадина