Мәдениет

Тамыздың 17-сі Петропавлда қала күні атап өтілді

Қала күнін атап өту үшін орталық алаңға жиналған халық суретшілердің салған дүниелерін тамашалап, өздерін спорт жағынан да сынап көрді. Олар шахмат пен дойбы ойнап, жеңістерін Петропавлдың мерекесіне арнады. Шахматты бала кезінен сүйіп ойнайтын Сәдуақас Шаяхметов та осында.

Орталық алаңдағы мерекелік бағдарлама ауқымды болды. Тұрғындар жастардың ұйымдастырған флеш-мобын тамашалады. Шараға 60-тан астам адам қатысты. Олар татулықтың белгісі – төс қағысып, бір адамдай жұмылып “Қара жорға” биін биледі.

 

Сергей Жамалиев, “Wing-Beat” шығармашылық тобының жетекшісі:

-Біз қала күніне арнап, бірнеше қызықты флеш-моб ұйымдастырдық. Шара баршаның көңілінен шықты деп ойлаймын.

 

 

Петропавлды туған күнімен құттықтауға Павлодар, Көкшетау және Қорған қалаларынан да шығармашылық ұжымдар келді. Олардың әрбірі өздерінше ерекше қылып мерекелік бағдарлама әзірлеген. Концертті  павлодарлық «Әл-әки» ансамблі бастады.

Бұдан кейін сахна төріне Ресейдің Қорған қаласынан келген өнерпаздар шықты. Олар да әннен шашу шашып, би билеп, Петропавл жұртын қала күнімен құттықтады.

 

Алла Мирская, қалалық халық шығармашылығы үйінің директоры, Қорған қаласы, РФ:

– Біз қазақ халқының қонақжай екенін әу бастан білетінбіз. Соған, міне тағы бір көзіміз жетті. Біз өз қаламыздың мықты деген әртістерін жинап әкелдік. Петропавл жұртының көңілінен шығамыз ғой деп ойлаймын.

 

Орталық алаңға қала күнін мерекелеуге жиылған жұрт игі тілектерін жолдады.

 

Бану Ахметова