Мәдениет

Қала күні Пестрое көлінің жағасына 10 мыңға жуық петропавлдықтар жиналды

 

Мерекелік кеште самал желі ескен Пестрое көлінің жағалауына 10 мыңнан астам адам жиылды. Бұл жолы бәрінің назары Х-фактор тележобасының әншілеріне ауды. Сахнаға 1-ші болып шыққан “Капуччино” тобы тойдың көркін жарты сағат бойы қыздырды. Эстрада жұлдыздарына Ресейдің Түмен қаласынан келген батыл жігіттер де қосылды. Олар “Петропавл, менің сүйікті қалам” деп жазылған жалауды көкте қалықтаты. Негізі бір топ әнші әуежайдан түсе салысымен Петропавлды аралап шығыпты. Жетім және ата-ана қамқорлығынысыз қалған балалармен кездескен. Қаланың көрікті жерлерін тамашалап, алған әсем әсерлерімен бөлісті. Х-Фактор тележобасының қатысушысы Байболат Сәндібаев Петропавлға бірінші рет келіп отыр.

 

Байболат Сәндібаев:

-Петропавл – көрікті қала екен. Өзге жерде кездесе бермейтін көненің көзінен қалған ғимараттардың іші-сыртын тамашаладық. Бәрі керемет. Маған қала ұнады. Енді, мен жиі келіп тұруға уәде беремін.

 

Көгілдір экранда көрерменді өнерімен тәнті қылған дарын иелері бұл жолы да теріскейліктерді жақсы жаңалықтарымен қуантуда. Айнұр Ишманованың тұңғыш әні жыл таңдауына ілігіп, бір әніне бейнебаян түсіріп үлгеріпті. Х-фактор жобасының жеңімпазы Евгения Барышеваның да алдағы жоспары ауқымды. Ол солтүстікқазақстандықтарға арнап 80-ші жылдардың әндерін орындады.

 

Евгения Барышева:

-Біз сіздерге қөңіл қошын көтеретін әлемге танымал әндерді алып келдік. Мереке құтты болсын. Жетістіктерге жете беріңіздер.

 

Жерлесіміз Сергей Мозлов бірнеше жыл бұрын Петропавл қаласы туралы өлең жазған. Міне, баяғыдан бері жүзеге асыра алмай жүрген арманы бүгін орындалды.Ол өз туындысын қазіргі әуен мен ырғаққа деген сұранысқа байланысты шамалап өзгертіпті.

 

Сергей Мозлов:

– “Петропавл туралы өлеңді” бірнеше жыл бұрын жазып едім. Бірақ орнында тұрмайтын асау заман басқаша иірімдер мен жүрек лүпілін талап етті. Солтүстік өңірдің дарындыларға бай екенін біліп, өнер иесі Қайырлы Ғафуровтан негізгі қазақша мәтінді жазуын өтіндім. Петропавл жырын әрлендіруге демеу болған алматылық композитор Александр Шевченкоға да ризамын.

 

Сонымен, Алматы мен Петропавлдың өнер майталмандары бірігіп әзірлеген “Петропавл жайлы ән” сіздің назарыңызда.

Пестрое көлінің жағасындағы кешкі сағат 8-де басталған концерттік бағдарлама 3 сағатқа созылды. Онда көбіне қазіргі хитке айналған әндермен қоса 80-ші жылдардағы әуендер де шырқалды. Соңында петропавлдықтар мен қала қонақтары файер-шоу мен отшашуды қызықтады.

 

Берік Қасен